Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елордада Ұлт құндылықтары дәріптелген «Қазағымның дәстүрлері-ай!» атты жас отбасылар сайысы өтті

20:00, 25 қазан 2024 514

Республика күніне орай Астанада «Қара шаңырақ» ҚБ ұйымдастыруымен, Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ-нің қолдауымен елордалық жас отбасылар арасында «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» қалалық ұлттық-этнографиялық сайысы өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.



Тәлім-тәрбиелік мәні зор іс-шараның басты мақсаты – қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын  заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру, іргесін нығайту, дәстүрлі отбaсылық құндылықтaрды жастар арасында дәріптеу, жас отбасылардың қоғaмдық белсенділігін aрттыру.



Сайыстың қазылар алқасының құрамында жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері
Әкім Ысқақ, ҚР Президенттік орталығы Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, тарихшы-этнолог, «ҚР Журналистер одағының мүшесі Тұрар Шәкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, актриса Айнұр Жүгінісова, Астана қалалық Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының ұстазы, айтыскер ақын Азамат Малжанбай болды.

Әділ ОРЫНБАСАРҰЛЫ, «Руханият» КММ директоры:

- Бүгінгі тағылымды іс-шарада ақ жаулықты әжелеріміз бен қазыналы қарияларымызды, ел болашағы жастарымызды көргеніме өте қуаныштымын. Осындай игі шараға арнайы уақыт бөліп келген барша жанға Астана қалалық әкімдігінің атынан үлкен алғысымды білдіремін. Әрине, әкімдік қолдағанымен бұл іс-шараның басты ұйымдастырушысы -  «Қара шаңырақ» ҚБ төрайымы - Тұрар Сәттарқызы. Сізге көп-көп рақмет! Өзіңіздей ұлт құндылықтарын дәріптеп, осындай жас ұрпаққа берер тағылымы мол іс-шараларды ұйымдастырып, ұрпақ болашағын ойлайтын жандар елімізде көп болса, ұлттық идеологиямыз биік деңгейге көтеріледі деген сенімдемін. Бүгінгі сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік болған отбасы жеңіске жетсін! Республика күні құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры, тарихшы-этнолог:

- Ұлық мерекеміз - Республика күні қарсаңында Сарыарқаның төрінде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып жатыр. Жас отбасыларды қолдап, осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып, қазақтың құндылығына қолдау көрсеткен ұлт жанашырларына алғыс айтамын. Атап айтқанда, Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке, «Руханият» КММ-нің директоры Әділ Орынбасарұлына, байқауды өткізетін орын ұсынған Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералыға, Астана қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұловқа, Астана қалалық Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировқа, қатысушыларды тартуға мүмкіндік берген Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлына және халқыма шексіз ризашылығымды білдіремін. Қазағымның салт-дәстүрі дәріптеле берсін! «Ұлттық құндылық жоқ, ұлттық тәрбие жоқ» дей бермей, әрқайсымыз ұлтымыздың бай мұрасын қастерлеп, жан-жүрегімізбен сезініп, күнделікті өмірде насихаттай берейік. 

Биыл бұл іс-шараны екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Байқау әділ өтті деп, қатысушылар да, көрермендер де жоғары бағасын берді. «Бармақ басты, көз қысты» деген болмады. Әкім Ысқақ Ағамыздың төрағалығымен өткен әділқазылар алқасы әр саланың мамандарынан құралып, әр отбасының дайындық деңгейіне сай әділ, шынайы бағасын берді. Сегіз отбасының бесеуі жүлделі орындарға ие болды. Қалған үш отбасы да марапатсыз қалған жоқ. Өзіміз ұлт құндылықтарын дәріптеп жүргендіктен, әр отбасының үйінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдар болғаны маңызды деп санаймыз. Осы игі мақсатта отбасылық сайыс жеңімпаздары мен номинация иегерлеріне еліміздегі №1 «Блэк» ағаш бұйымдар фабрикасының керемет сапалы ағаш ыдыстарын сыйға тарттық. Отбасы мүшелері бұл ағаш бұйымдарын (ұлттық нақыштағы астау, қымыз құюға арналған шара, тостағандар) күнделікті қолданған сайын ұлттық мұрамызды дәріптеп, қазақтың құндылығын насихаттайтын болады. Сонымен қатар әр қатысушыға «Қара шаңырақ» ҚБ-нің брендтік  «Қазақша сөйлейік», «Қазақ бол» экодорбалары мен «Қазақша боямақтар» сыйға берілді. Сондай-ақ «Қара шаңырақ» жанашырлары біздің де көмегіміз болсын деп қолдау білдіріп, этнопсихолог Нұргүл Молдабайқызы қатысушыларға «Қазақтың жазылмаған психологиясы» деген кітапты тарту етсе, Тұрсынбибі есімді сіңліміз бас жүлде иегерлеріне балаларды дамытуға арналған ойыншықтарды сыйлап, өз үлесін қосты.

Жас отбасылар арасында өткен сайысты тамашалаған көрермендер «Мұндай жас ұрпаққа берер тағылымы мол іс-шаралар жылына тек бір рет емес, жиі өткізіліп, өңірлерде жалғасын тауып, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылса ғой» деп ақ тілектерін білдіріп, үлкен қолдау танытуда. «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында мектеп оқушылары мен университет студенттерімен жиі кездесемін. Сонда жастарымыз: «Апай сіз салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар туралы айтасыз. Бірақ, біз оны қайдан көріп, үйренеміз? Үйімізде ондай нәрсе жоқ» деп үнемі сұрайды. Міне, дәл осындай іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақты ұлтымыздың асыл мұрасымен таныстырып, олардың бойына ұлттық тәлім-тәрбиенің дәнін егеміз. Әрбір отбасында салт-дәстүріміз дәріптелсе, бала оны күнде көріп, өз болмысына сіңіріп өседі. Біздің мақсатымыз - ұлттық құндылықтар дәріптелетін іс-шаралар арқылы ұлт рухын оятып, сөз бен істі бір арнаға тоғыстыру. Бүгінгі күні «отбасы институты құлдырап барады» деген пікірлер жиі айтылады. Оның бәрі руханияттың жоқтығынан, іштегі бостықтан болып жатыр. Ал осындай сайысқа дайындық барысында отбасының әрбір мүшесі өзара сыйласып, ата-әже, әке-ана, бала болып бірігіп, ұрпақаралық сабақтастық орнап, іргесі берік, ынтымағы жарасқан тату жанұяға айналады.

Өкінішке қарай, қазір жас отбасылар арасында ажырасу факторы көбейіп кетті. Осыған байланысты бізде дағдарыс орталығы деген сияқты небір күресетін орталықтар көп. Бірақ бұл проблемалардың алдын-алу бағытында жұмыс істейтін, ұлттық тәлім-тәрбие беретін орталықтар жоқтың қасы. Егер, өзіміздің үлкен орталығымыз болса, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында күнделікті қызу жұмыс жүргізер едік. «Жастар салт-дәстүр білмейді, ұлттық құндылықтарға қызықпайды» деген жаңсақ пікір бар. Бірақ, бұл сайыс үлкен қызығушылық танытқан жас отбасыларға қаншалықты қажет екенін көрсетті. Мемлекет ұлттық құндылықтарымызды қолдауға көбірек назар аударуы қажет. Қазір еліміздің көк туын желбіреткендерге, спортшыларымызға түрлі марапаттар мен сыйлықтар беріп, 100 жылқы атап жатады. Әрине, оның бәрін өте жақсы түсінемін. Бірақ, біз өкінішке қарай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге келгенде сараңдық танытамыз. Неліктен өз елімізде жүріп, ұлттық құндылығымызды қадірлемейміз, мойындамаймыз? «Жастардың бойында патриотизм жоқ, елге деген сүйіспеншілік жоқ, көбі шетелге кетіп жатыр» деп кінәлайды. Жоғары жақтағы азаматтар түсінуі қажет, елге деген сүйіспеншілік, патриотизм - ең алдымен өз еліңді, тіліңді, құндылығыңды шынайы сүйе білуден басталады. Көк туды желбіретіп, челлендж жасап, суретке түскеннен, патриотизмын оянбайды, одан рухын көтеріліп кетпейді.

Бұл игі іс-шарада патриотизмнің шынайы көрінісі байқалды. «Атамекен» әні шырқалғанда халықтың рухы көтеріліп, зал толығымен орнынан тұрып, бірге ән айтып, ерекше рухтанды. Не себептен? Барлығының тұла бойындағы ұлттық рухы оянып, көпшілігі сайыс аяқталса да, кеткісі келмей, іс-шараның мән-маңызын тереңнен түсінді. Әр отбасы сайысқа үлкен дайындықпен келді. Ер азаматтар қолөнер бұйымдарын таныстырса, келіншектері ұмыт болған ұлттық тағамдарды әзірлеп, қазылар алқасына ұсынды. Әр отбасының қазақтың бай мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға деген құлшынысы анық байқалды. Этнографиялық сауалдарға да жақсы жауап берді. Көпшілігі бұл іс-шараға белгілі шенеуніктер неге шақырылмады, неге анау жоқ, неге мынау жоқ деп сұрады. Сенесіздер ме? 500 ге жуық адамды шақырдық. Жеке-жеке адамдарға арнайы шақырту жібердік. Зал лық толды. Руханият іздеген, құндылық іздеген халық жиналды. Ризамын. Осы іс-шараға келген әр қазақ мың қазаққа татиды. Бар жан-жүрегімен ұлт құндылығын сезінетіндер осы іс-шарада бас қосты. 

Қазақтың тамыры терең, салт-дәстүрге бай мәдениетін паш еткен сайысқа қатысуға 15-ке жуық жас отбасы ниет білдіріп, байқау талабына сәйкес 8 отбасы іріктеліп алынды. 

3 кезеңнен тұратын байқау барысында жас отбасылар қазақтың бай салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық қолөнер бұйымдарымызды насихаттап, ұмыт болған ұлттық тағамдарымыз — үлпершек, өрметөс, қарынбұрме, мипалау, балқуырдақ, әсіптің дайындау тәсілдерін көрсетіп, көпшілікті тәнті етті.













Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Мекебай отбасы, бірінші орынды Мұқажановтар, екінші орынды Сембековтер, үшінші орынды Сауханов және Хызайхан отбасылары жеңіп алды. 







Сонымен қатар, арнайы номинациялармен де бірнеше отбасы марапатталды. «Өнегелі отбасы» номинациясын Қалитовтар иеленсе, «Дәстүрге берік отбасы» номинациясы Пірімқұловтарға берілді, ал «Көрермен көзайымы» номинациясын Мұқановтар отбасы жеңіп алды.



Осылайша тәрбиелік мәні зор бұл байқау ұлттық мұраларымызды жас ұрпақтың бойына сіңірудің тамаша үлгісін көрсетіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда маңызды қадам болды. Қазақтың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық рухымызды асқақтатқан осындай тағылымды іс-шаралар жалғасын тауып, халқымыздың мәртебесі биіктей берсін!

Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар