Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ес білгелі алғаш рет келуім, ерекше әсер алдым” - қазақтың Димашы киелі Түркістанда

09:23, 15 тамыз 2024 250

Бүгін қазақтың мақтанышы, әнші Димаш Құдайберген Түркістан қаласына келді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы кездесіп, құрмет көрсетті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

– Еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүрген өзіңіздей өнер адамын өз өлкемізде көргеніме қуаныштымын. Сіздің бұл сапарыңыз – облысымыздағы руханият саласына, өңір туризмін дамытуға зор серпін береді деп ойлаймын. Қазіргі таңда, өңірде руханият саласында бірқатар бастамалар қолға алынып, жүзеге асуда. Республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар – өңірімізге туристердің, қадірлі қонақтардың келуіне себеп болуда. Солардың бірі – «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауда әлемнің 20-ға жуық елінен өнерпаз қатысып, қазақ әндерін шырқайды. Осы байқау барысында әлемнің қай елінде болмасын әншілердің Сіздің орындаған әндеріңізге деген қызығушылығы басым екендігі байқалады. Бұл – біз үшін қуаныш әрі зор жауапкершілік, – деген облыс әкімі әншіні халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауына құрметті қонақ болуға шақырды.

Әнші өз сөзінде Түркістанның рухани орталық ретінде қарыштауына таңданысын жеткізіп, өңір басшысына алғысын жеткізді. 


– Түркістанның жаңа кейпіне, өзгеріске таң қалдым. Барлығы ұнап жатыр. Ес білгелі алғаш рет келуім, ерекше әсер алдым. Елдің осындай әдемі шаһарда тұрып жатқанын, еңсесі көтеріліп жатқанын көргеніме қуанып отырмын. Түркістан бүгінде түркі әлемінің туристік астанасына айналып, дүние жүзіне танылып жатыр. Ең бастысы еліміз тыныш болсын! Қалаларымыз әлемге танылып, халқымыздың дүниетанымы, руханияты көкжиегі кеңейе берсін! – деді Димаш Құдайберген.

13-14 қыркүйекте Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Қазақстанның халық әртісі «Astana Arena» стадионында  «Stranger» атты жеке концертінде өнер көрсетеді. Ұлттық дыбыстық және қазіргі әуендік техника үйлесім тапқан әлемдік деңгейдегі шоуда дәстүрлі және заманауи стильдегі композициялар орындалады. Ән кеші 8-13 қыркүйек аралығына жоспарланған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «ДимашАли» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар