Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Григорий Николаевичтің халық әдебиетіне еткен қызметі зор» - Міржақып Дулатұлы Потанин жайында

23:17, 21 мамыр 2024 346

ГРИГОРИЙ НИКОЛАЕВИЧ ПОТАНИН

Бүгін 21 сентябрьде атақты Сібір ғалымы Г.Н. Потанин 80-ге толды. Жасынан ғылымға құмар, барлық ғұмырын туған Отанының табиғат һәм тұрмысын үйренуге жұмсаған, ғылым жолында есепсіз көп қызмет еткен Г.Н. Потанин - Сібірдің санаулы ұлының бірі һәм біріншісі. Жалғыз Сібір емес, оның аты Россияның оқымысты әулетіне таныс.

Атақты жиһанкез, кең ойлы ғалым, кемеңгер әлеумет көсемі Г.Н. Потаниннің 80-ге толған күнін бүгін бүкіл Сібір мейрам етіп отыр. Сібірде неше түрлі халық болса, Г.Н. Потанин бәріне бірдей қадірлі, бәрінің бірдей қамқоры, оның пайдалы қызметі бәріне де ортақ. Сондықтан бұл күнгі жалпы қуанышқа біз де қосылып, ардақты қартқа құтты болсын айтамыз!

Г.Н. Потанин 21 сентябрьде 1835 жылы Семей облысы, Ямышевский станицада (Тұз қалада) туған. Бала күнінде Омбы кадетский корпусына түсіп, 1852 жылы хорунжи болып шыққан. Омбыдан шыққан соң Жетісу облысында офицер болып қызмет еткен. Жетісудың бай табиғаты жас Потаниннің ғылымға әуестігін бұрынғыдан артық молайтқан. Ол білімін арттыруға 1858 жылы Петроград университетіне барып оқыған. Петроградта мәшһүр Костомаровтың һәр облыс өз алдына ілгері басып, өз алдына көркейіп ағаруы тиіс деген уағыздары һәм ол кездегі саясат һауасы кешікпей өзгеруі ықтимал, өзі болайын деп тұрған Потанинді шын Сібір ұлы, Сібір қамқоры етіп тәрбиелеген.Григорий Николаевич Петроградта тұрған жылдарында (1858-1862) ғылым молайту мақсаты өз алдында болып, онан басқа тағы бір зор мақсұт көздеген. Онысы алған ғылымын елге қайтқан соң іске асыру, пайдасын қараңғылықта жатқан бүкіл Сібір халқына тигізу. Сол оймен өзінің досы сібірлік атақты Н.М. Ядринцевпен бірге Петроградтағы жастардың басын құрап, тұңғыш "Сібір қауымын" жасаған. Потаниннің бастауымен Сібір жастары һәмән жиылып, келешекте Сібірге қызмет ету, Сібірмен танысу жайын кеңесетін болған. Сібір жастары арасында Г.Н. Потаниннің қадірі артқандық сонша, "Потанин партиясы" деген партия шыққан. Бұл партияның мақсаты - елге қайтқан соң халқына қызмет ету.

Петроградтан қайтып Григорий Николаевич өз жолында қызмет ете бастайды. Бірақ көп ұзамай, 1866 жылы сотқа беріледі. Сібірді Россиядан бөлем деушінің бірі деп, сот Потанинді каторжный работаға айдаған. Григорий Николаевич ғылым жолындағы қызметін айдауда жүрсе де үдетіп, көзге көрінгеннен соң, Петроградтағы Императорский Географический Общество ізденіп, 1874 жылы Потанинді босатып алған.

Міне, сол жылдан бастап Григорий Николаевичтің қызметі үзілместен келеді. 1875 жылы ол профессор Иностранцевтің жер һәм жан-жануар өсуі тарихын тексеретін экспедициясымен Қырымға барып қайтқан. 1876 жылы Сібір һәм Азия уалаяттарын үйренуге бел байлап кіріскен. Зайсаң көлінің алабына, Тарбағатай, Моңғолия, ішкі Қытай, күншығыс Тибетке саяхат еткен. Бұл жолдарында есепсіз көп ғылым қызметтері Г.Н. Потаниннің даңқын тіпті көтеріп жіберген. Григорий Николаевичтің кітаптарын Императорский Географический Общество бастырған.

Григорий Николаевичтің халық әдебиетіне еткен қызметі зор. 1913 жылы жаз күні Қарқаралы үйезі, Тоқырауынға барып, қазақ ертегілерін жиып қайтып, Омбыдағы гимназияда доклад оқығаны қазақ оқушыларырна белгілі. Григорий Николаевич адам баласы ескі тұрмысынын тарихи белгісін ізденуші ғана емес, ол Сібірдің әлеумет басшысы, ақжүрек азаматы, білгір саясатшысы. Әлеуметтік мәселелері туралы Сібір матбұғатында оның жазған жобалы мақалалары көп.

Г.Н. Потанин шабысынан әлі танған жоқ. Жасы ұлғайса да, бағыты, жігері, тілегі әлі жас. Сібірге келген шаттық - оның шаттығы. Сібірге келген қайғы - оның қайғысы. Ел қамын ойлаған ер осындай-ақ болар.

Тойың тойға ұлассын, Сібірдің ардақты ақсақалы!

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

"Қазақ" газеті, 21 сентябрь, 1915 жыл, №150

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар