Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Хабарласқанымда елең қылмады, менен сонша тықты, киногерлерге керегі хайп!: Ханбибі Есенқарақызы фильм түсіргендерге ренжулі ме?

16:45, 12 қараша 2024 3782

Кинотеатрларда көрсетіліп жатқан “Нурикамал” фильміне арқау болған кейіпкер Ханбибі Есенқарақызы Nege.kz тілшісіне сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

– Ханбибі апа, қоғам болып тамашалап жатқан «Нұрикамал» фильмін көрдіңіз бе? Көңіліңізден шықты ма?

– Жалпы, ұнаған сияқты.

– Фильмді түсірмес бұрын режиссері алдыңыздан өтті ме? Сценарийімен алдын ала таныс болдыңыз ба?

– Сценарийімен таныс болғаным жоқ. Бірақ жазда төрт жігіт келіп: «Осындай фильм түсірейін деп едік», – деді. «Бұрын қандай кино түсірдіңдер?», – деп сұрап едім, Қанат Рамазан деген жігіт: «Мағжан, Мұқағали туралы фильмдеріміз бар», – деді. «Егер солар жайлы түсіргендерің рас болса, онда рұқсат етемін», – дедім.

Содан кейін бір-екі рет телефон шалып, өздеріне керекті мәліметті сұрады. Алайда, кино үлкен экранға шыққанша маған көрсеткен жоқ. Өзім де жұртпен қатар кинотеатрдан көрдім.

Енді бұл фильм туралы халық өз пікірін айтып жатыр ғой. 90 пайыздайы қолдаса, кейбірі «мәтіндері жұтаң, жадау» деп сынап жатыр. Шынында да, тілі жұтаң екені рас. Әрине, кәсіби ақын не жазушы жазбаған соң сондай кемшілік болады. Бірақ ең соңғы жағына менің сөзімді беріпті. Жалпы, осындай тағылымы бар фильмдер керек қой. «Біткен іске сыншы көп» демекші, мін іздеушілер табылады. Қай кезде де қолына таяқшасын алып қоқыс жәшігінің ішін түрткілейтіндер бар. Әрине, ондайлар өзіне қажетті «олжаны» табады. Дей тұрсақ та, халықтың пікірі, көзқарасы жақсы сияқты. Бір айтылған қате пікірмен бүкіл киноға баға беруге болмайды.

Фильмде Құрманғазы туралы айтылып қалды. «Құрманғазы да арақ ішкен» дейді жағымсыз кейіпкер. Жағымсыз кейіпкерді жағымсыз етіп көрсету үшін сол бір тіркесті алған болуы керек. Мұның кемшілік екенін мен де біліп, мойындап отырмын. Бірақ жүріп бара жатқан арбаның дөңгелегіне таяқ тыққанмен бірдей. Себебі, бұл келесі сахнада түзей салатын театрлық көрініс емес, фильмді қайта жасай алмайсың.

Кино
Фото: ғаламтордан

– Бәлкім, фильм экранға жол тартпай тұрып сізге көрсеткенде көзге ұрып тұрған кемшін тұсын айтар едіңіз ғой...

– Әрине, айтатын едім. Өздерінің бір құпиясы ма, менен соншалықты тығып ұстады ғой. Осындай пікірлерді естуден қашқақтады ма, жоқ әлде, уақыты болмады ма, білмедім. Өзім бір-екі рет хабарласып «Жалпы сұлбасын көрсетсеңдерші» дегенімде, елең қылмады. Менің түсінігім бойынша, киногерлердің қуатыны – хайп, рейтинг. Сондықтан оларды да түсінемін.

«Махаббатты қағазға түсірген менде кінә жоқ»

– Ал кинодағы Ханбибінің образы жан-жақты ашылған ба? Мінез-құлқыңыз бен бітім-болмысыңызға сай келе ме екен?

– Сай келетін сияқты. Себебі, көптің пікірі солай. Актриса Гүлбаһрам Байбосыноваға көрермен риза болып жатыр. Шын мәнінде, ақын әйелдің образын жасау өте қиын. Ол қыз менімен кездескен жоқ, сөйлескен жоқ. Соның өзінде де образды тәуір алып шыққан сияқты. Бірақ кездесем десе, менің ішкі дүниемді жақыннан білгісі келсе, пікірлесуге дайын едім.

– «Нұрикамалды» көргендердің арасында «Отбасы бола тұра басқа әйелге ғашық болуды насихаттаудың керегі не?» деп пікір айтушылар бар. Сіз не дейсіз?

– Бұл біреудің отбасын бұзу үшін насихатталған дүние емес. Бұл – өнер адамдарына тән. Әрбір адам – бостан. Біреуге біреу тәуелді емес. Бұл жерде жасандылық, тәуелділік жоқ. Композитордың ғашық болуға құқы бар. Әннің жақсы болғаны үшін ақын ретінде сөзін жазып бергенімді дұрыс деп санаймын. Бірақ композитор еш уақытта Нұрикамалмен байланыста болған жоқ. Нұрикамал да ақыл-ойы бар әйел. Бір жерінде «Біреудің отбасын бұзған адам бақытқа жете алмайды» деп айтатыны бар ғой. Ол да – персонаж. Композитор да, Нұрикамал да жақын қарым-қатынас орнатпаған, таза күйінде қалды. Ешқандай отбасы бұзылған жоқ. Барлығы өз орнында.

Ал енді солардың махаббатын қағазға түсірген менде де кінә жоқ. Бұл – таза адамдардан шыққан таза махаббатың үлгісі. Сол себептен тазалықтан туған ән халықтың жүрегіне жетіп, 40 жылға жуық уақыт болса да әлі сахнадан да, той-жиындарда айтылып келе жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар