Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

HRF ұйымы Қазақстан билігін сынға алып, Жыланбаев ісін БҰҰ жұмыс тобына жолдады

19:10, 24 тамыз 2024 319

Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары қарамақ, деп хабарлайды  Alash.KZ. ұлттық порталы "Азаттық" радиосына сілтеп.

Халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдады.

Ұйым аталмыш ұйғарым жайлы 22 тамыз күні хабарлады. Сонымен қатар, Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін Жыланбаевты босатуға шақырды.

Хабарламада Марат Жыланбаевтың Қазақстанда "Қанды Қаңтарды" халықаралық тергеуді талап еткен наразылыққа қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылғаны, кейін бұл "экстремизмді қаржыландыру" айыбына айналғаны жазылған.

"Ресми органдар Жыланбаевты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық тобының мүшелерімен қарым-қатынасына сүйене отырып, "экстремизмге" айыптады. Бұл топтың қызметіне 2018 жылы сотпен тыйым салынған, шешімді Еуропарламент те сынаған" деп жазды ұйым.

Былтыр күзде Астана сотының Жыланбаевты жеті жыл түрмеге кескенін алға тартқан ұйым апелляциялық сот та үкімді өзгеріссіз қалдырғанын атап өтеді.

"Жыланбаев сотталған Қылмыстық кодекстің баптарын БҰҰ-ның адам құқығы және терроризммен күрес жөніндегі арнайы баяндамашысы және Адам құқығы жөніндегі комитеті бұлыңғыр және мағынасы шамадан тыс кеңейтілген деп атады" деді HRF халықаралық заңнамалық қызметінің заңгері Кайти Холланд.

"Қазақстан режимі оппозицияны "экстремистер" санатына жатқызып, өзгеше ойлайтындарды тұншықтыру практикасын қолданып жатыр" деп жазылған хабарламада.

HRF хабарламада Жыланбаевтың негізгі құқықтары, оның ішінде пікір айту еркіндігі мен жиналу құқығының бұзылғанын атап көрсеткен. Жыланбаев ісінде де тиісті құқықтық процедуралардың сақталмағанын да алға тартқан.

"Оның жабық өткен соты қатаң бақыланған сот жүйесінде өтті және оның куәгерлерді шақыру туралы барлық өтініштері (біреуінен басқасы) қабылданбады. Мұндай жағдайда оның қамауға алынуын ақтауға болмайды" деп жазылған хабарламада.

HRF хабарламада сөз бостандығы мен бейбіт жиналу еркіндігі, сот тәуелсіздігі мәселері бойынша арнайы баяндамашылар мен күштеп ұстау жұмыс тобының назарын Жыланбаев ісіне аудартқанын айтады.

Ұйым БҰҰ-ның сарапшыларын Жыланбаевтың ісін зерттеуге және Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.

Осыған дейін де Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтар бойынша халықаралық бюро Астананы белсенді Марат Жыланбаевты дереу қамаудан босатуға шақырған. 

IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар