Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Кешір бізді, ұлт әкесі!»: Бүгін Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз атылған қаралы күн

14:06, 27 қыркүйек 2024 1769

Бүгін, 27 қыркүйек - Ұлт көсемі, Алаш арысы Әлихан Бөкейхан бабамыз атылған қаралы күн.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, Алашорда ұлттық автономиясының тұңғыш төрағасы, тәуелсіздік күрескері, сталиндік террор құрбаны — Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға кеңес үкіметі «халық жауы» деген жалған айып тағып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кескен. Алаш арысына қатысты сот үкімі сол күні орындалып, мәйіті өртеліп, күлі Дон зиратына көмілді.

Alash.kz ұлттық порталы назарларыңызға Ұлт көсемі жайлы алаштанушы ғалым Заңғар Кәрімханның терең толғанысқа толы жазбасын ұсынады.

«Қайран, Арыс! 

Қаршадайын елім деп, ұлтым деп, қайтсем де осы халықты теңдікке жеткіземін деп етігімен су кешіп, кесе толы у ішіп, «алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, тезек теріп жұрт соңында қалады» деп, ақырып азаттық деп ұмтылған ердің Ері едің-ау! 

Ақ жағалы патша ұлықтары «жабайы, қараңғы» қазақтың оқыған балалары қайда барар дейсің» дегендей миығынан күліп, мырс-мырс етіп кеңкілдегенде, отаршылдықты жеңудің кілті орысша оқып, сол тілде жауап қату екенін түсінген жігіттің Жігіті болдың ғой! 

Қазақты ұзақ жылдар билеп-төстеп келген Шыңғыс ұрпақтарына халықтың емес, қара басының қамын күйттеп кеткендігін туғаны болса да турасын айтып, «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт берген, сертінде тұрған төренің де Төресі өзің едің ғой!

Көшкен елдің теңі ауып, жаз жайлауға, қыс қыстауға жөңкілетін дәстүрлі шаруашылық жайын бес саусағындай білу үшін теріскейден түстікке, шығыстан батысқа шиырлап жол тартып, бұл даланың астындағы, үстіндегі байлығын түгел көзбен емес, көңілмен оқып, көкейіңе тоқып, осыны халық мүддесіне жұмсауға арыстанша алысып жұлысқан азаматтың Азаматы атандың емес пе? 

Туған халқым адамзат дамуынан көш кейін қалып барады, өркениетке ілесу үшін оқу мен білімнің, ғылымның маңызын ерте түсініп, діни фанатизмнен іргесін ертерек бөліп, демократия құндылықтарға қазақ топырағына әкеп егіп, «ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп қасқайып мінез танытқан қайраткердің Қайраткері өзің ғой! 

Жер бетіндегі қанқұйлы, жауыз лагерьлер жүйесінің сан алуан қитұрқы амалдары мен әр қилы айла-тәсілдеріне тайсалмай, еңсесін тік, кеудесін асқақ ұстай біліп, «зұлымдық империясының» саясатын әшкерелей беріп, «момын елді біз кетсек, қырып тастайды» деп, эмиграцияға кету мүмкіндігі жоғары бола тұра, бір қадам алға баспаған, кешірім сұрап кері шегінбеген, сөйтіп елін мен жерін, Отанын жауға тастамаған қайсар да өр, рухты тұлғаның Тұлғасына айналдың-ау! 

Ғасыр басындағы алаға да бұлағай төңкерістер арасында кішкентай ұлтының тағдырына алаңдап, саясат жолын таңдап, заңын жасақтап, партиясын құрып, дипломатиясын қалыптап,  үкімет пен армияны жасақтап, шекарасын сызып, әдебиеті мен жазуын, мәдениетін негіздеп, ғылымын бағыттап, қысқасы, адамзат көшінен әлдеқайда алыстап қалған сүйікті ұлтты қайта тудырған көсемнің Көсемі өзің емессің бе?

Уа, қадірлім, қымбаттым! Сенің шеккен әрбір азабыңның бір сәтінің қадірін білмейтін, сезбейтін неткен сорлы едік біз?! Сен барған жер, басқан топырағыңның ізін қастерлей алмайтын қандай тасмаңдай едік?! Азат басыңды азапқа тігіп, қу жаныңды шүберекке түйіп әперген бостандық деген ұлы құндылықты уыстан шығарып ала жаздаған нендей санасыз жандар едік?!

Кешір бізді, әз көсем! Кешір бізді, ұлт әкесі!»

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?