Қазақтың құрметті қариясы, 74 жастағы марафоншы Қытай еліне жаяу аттанбақшы. Ақсақал 3 мың шақырым жолды 3 айда еңсеруді көздеп отыр, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Белілі қазақстандық марафоншы, бабабалар ізімен төрткүл дүниені тегіс аралауды мақсат еткен Сәрсенбай Қотырашов Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының құрметіне орай, Өскеменнен Қытаға дейін 3 мың шақырым жолды жаяу жүріп өтуді көздеп отыр. Бұл үшін ол күніне 40 мың шақырым жол жүріп отырмақ.
Сәрсенбай Қотырашов сапарға Өскеменнен 2 тамызда аттанады.
"Мен өзімнің жаяу саяхатымды алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың бай мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді. Мен Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға дейін жетуді жоспарлап отырмын", – деді Сәрсенбай Қотырашов.
Ол сапар аясында көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысып, алған әсерін әлеуметтік желіде жариялап отырмақ. Бұл экспедиция Орталық Азия көшпенді халықтарының бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.
Еске салайық, марафоншы 2022 жылы 72 жасында еліміздің 17 облысын аралап, жарты жылда 8 мың шақырым жол жүрген болатын. Ал өткен жылы ол Атыраудан Ыстамбұлға жаяу барып, 3 мың шақырым жолды жаяу жүрді.