АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатуға бұйрық берді, – деп хабарлайды Alash.kz.
AFP, Reuters және басқа да БАҚ деректеріне сүйенсек, Ақ үйдің аты-жөнін атамауды сұраған өкілі АҚШ президентінің бейбітшілікке басымдық беретінін нақты мәлімдегенін жеткізді.
“Бізге серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болғаны қажет. Біз көмекті уақытша тоқтатып, қайта қарап жатырмыз, оның шынымен мәселені шешуге ықпал ететініне көз жеткізу үшін”, – деп AFP Трамп әкімшілігінің өкілінен үзінді келтіреді.
Bloomberg және Fox News агенттіктерінің хабарлауынша, бұл үзіліс Украина басшылығы бейбітшілікке ұмтылысын нақты көрсеткенше жалғасады.
“Бұл көмектен толық бас тарту емес, тек уақытша тоқтату”, – деп Fox News Трамп әкімшілігінің өкілін келтіреді.
Bloomberg мәліметінше, бұл шешім АҚШ-тың Украинаға жіберілмеген барлық әскери жабдықтарына, оның ішінде жолда тұрған немесе Польша арқылы тасымалдануы күтілетін қару-жараққа да әсер етеді.