Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қашан ұлттық спортты бардым-келдім емес, жүйелі түрде дамытамыз? - Мәжіліс депутаты Спорт министрлігін сынады

13:05, 13 қараша 2024 458

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Мәжіліс отырысында ұлттық спортты дамыту мәселесін көтеріп, Спорт министрлігін қатаң сынға алды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“ҚР Туризм және спорт министрлігі тарапынан ұлттық спортты дамытуға деген құлшынысын көріп отырған жоқпыз. Сіздер берген ақпаратта Туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 2023 жылы кәсіби спортқа 22,6 млрд. тг қаражат бөлінген. Ал ұлттық спорт түрлеріне 856 млн. тг бөлінген. Яғни бұл барлық қаражаттың 3,7%-зы. Екі сумманың арасы жер мен көктей. Қазіргі күні бұл ұлттық спорт қауымдастығында 10 федерация болса, оның айналасында 500 мыңға жуық спортшы, миллиондаған жанкүйер бар. Есеп бергенде бәрі әдемі, ақша бөлініп жатыр. Бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, біз өз еліміздің дәстүрлі ойындарына келгенде “өй, ауылдың жігіттеріне осы да жарайды” деген теріс көзқарас танытамыз”,- деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттың айтуынша, ұлттық спорт халықаралық деңгейде насихатталып, дамыту жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

“Дұрыс, ауылдың жігіттері көкпарды, асықты, садақ атуды тап қазір қолдамай қойсақ та ойнай береді. Бірақ біз бұл жерде халықаралық деңгей туралы айтып отырмыз. Айналаға қараңыздар, қазір әр мемлекет өзінің ұлттық ойындарына ерекше көңіл бөледі. Жоқтан бар жасайды. Біз бар дүниені ұқсата алмаймыз. Биыл шулап жүріп депутаттардың қолдауымен спорттық бағыттағы отандық ат тұқымдарын дамыту туралы заң жобасын қабылдадық. Ол кезде де министрліктің нақты  ұстанымын көрмедік. СҰРАҚ: қашан ұлттық спортты бардым-келдім емес, жүйелі түрде дамытуға басымдық береміз? Бұған министрліктің жүйелі жоспары бар ма?”,- дей келе Мәжіліс депутаты министрліктен ұлттық спортты жүйелі түрде қолдауға арналған нақты жоспарды ұсынуды талап етті.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар