Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазағым» деп қамығып жүрсің - Жүсіпбектің Мағжанға жазған хаты

13:15, 15 наурыз 2024 317

Аса қадірлі Мағжан!

«Мағжан» деп іш тарта есіміңді келтіріп, осы қазір өзіңнің дініңе еніп, дәлімді білдіргім келеді.

Әдетте я көргені мол көне көз кісі, я болмаса аяушылығы басым жолдас-жора ақыл айтқыш; өз басым ақылгөйсуден аулақпын. Сырымды айтудан әрі бармаспын. Қазақ әдебиетінің көгіне көтерілген күн секілді өз сәулеңді әрдайым сезініп, біліп, болжап отыруды әдетке айналдырғанбыз. Ақындық – қасиетіңе айналған. Әдебиетімізге «Жаралы жан», «Қорқыт», «Баян» секілді біртуар сөз кестесін берген ақыннан әлі күтеріміз көп. Өз соңынан ізбасарларын ертіп, келешек көкжиегіне ентікпей жетер талантты дүниелер туғызу сенің ғана қолыңнан келер іс. Поэзияның қанатты пырағын әзірше қабатыңнан ұшыратпай жүрміз. Ең ғажабы: өлеңіңнің өтірігі жоқ.

Баз бірде ала-құлалықты сезіп тіксіне қалатынымызды несіне жасырайық; жылауың көп, өксігің мол, өз мұңына өзің көміліп жүріп алатындайсың. Пушкинді Пушкин еткен оның өлең жазғыштығы емес, өмірдің өзге көрмеген сәттерін елден бұрын сезе білуі, алғыр ақылы, тіршіліктен ең қажеттісін таңдай білу балгерлігі секілді ғой.

«Қазағым» деп қамығып жүрсің. Таспақаша мимырт жүрсең – көп нәрсені қамтисың, арғымақша ағындап жүйткіп өткеннен гөрі сол мимырттық мазмұнды, маңдайдағы көзбен емес, көкіректегі көзбен қамтышы. Жиырмасыншы ғасырдың перзентісің.

Өз сөзіңмен атасақ «опасыз өмірдің», «қаскөй тағдырдың» заманы туған кезде, адам өз өмірінің қожасына айналып, жаңа үмітпен, жарыққа, жарылқаушыға бет бұрған мезгілде – сөз дарыған мықты ақын бейтарап отыруға тиісті емес.

Бүгінгі күн қаншама қамыққыш болса да Байронның өзін төңкерісшіл деп жүрміз. Төңкерісшіл ақын алға ұрандап шаба берсін деуден аулақпын, шынымды айтсам, күн санап, сағат санап сезім шырғалаңынан шығып, тақырып шеңберін кеңейтіп, шынның жүзіне тура қарап талант тағылымыңызды жетілдіре беруіңізді тілер едім. Тілеу деген жай сөз ғой. Оқушы қауым атынан аманат айтар едім.

Біреуге өйте ғой, бүйте ғой деп өтініш ету бұл заманда қалып барады, әсіресе ақынға бұйрық, өтініш өтпейді, өктемдік жүрмейді. Әйтсе де, себепсіз салдар тумайды. Осы ретте сіз бен бізді қазекемнің қасиетті сөзі жақындастыра түссе, ойымызға ой, отымызға от қоса білсе – мақсатымызға жақындай түсеріміз баршаға аян.

Даңқтың дабылкеші болмай-ақ, мақсаттың құлы бола білсек жетеді. Не жазып жүргеніңізді білгім келеді.

Сәлеммен, себепшіңіз Жүсіпбек Аймауытов.

1924 жылғы 16 мамыр

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар