Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақ мұғалімге жалование бермейді, қазақ пәлен, қазақ түген..." деген сөздер қазір мода болып барады

21:54, 03 маусым 2024 437

Осы кезде қазақ баласы орысшадан мұсылманшаны көп оқиды. Орысша оқушылардың көбі аз оқып, үйде отырып қалады, тәуірірек оқығандары шенеунік болып, қызмет қуып кетеді. Ел ішінде тұрып, білгенін білмегендерге үйретушілер тіпті аз. Өзімізден алыстап, басқаларға жуықтай алмай жүрген әрі-сәрілер көп. Мұсылманша оқығандар болса, аз оқысын, көп оқысын, қазақ арасынан асып барар жері жоқ. Олар шенеунік бола алмайды, басқа жұрттың ішінде білімімен қызмет ете алмайды, ерікті-еріксіз елге шығады. Бұларға қазақ арасында бала оқытып, молдалық қылудан басқа орын жоқ.

Мұнан көрінеді - халыққа жақын тұратын, тұрмысын, жайын-күйін жақсы білетін мұсылманша оқыған шәкірттер болуы керек екендігі. Орысша оқығандардың көбі жұрт жайы түгіл, өзінің кім екенін шала білетін жас күнінде школға кіріп, онан шыққан соң елде тұрмай, қызмет етіп кететін болғандықтан жұрт қамын ойлап артық қайғырмайды да, нені қайғыруды білмейді де. Шәкірттер болса ел ішіндегі жақсылық-жамандық, кемшілік-кеңшіліктің қандай екенін күн сайын көріп тұрады. Сондықтан олардың білімі орысша оқығандардан кем болса да, тілесе көп пайда келтіруге шамасынан келеді. Шәкірттер елге шығып молда болады дедік, молданы осы кезге мұғалім деп жүрміз, мұғалім - үйретуші деген сөз.

Молда мен мұғалімнің айырмасы бар. Молда - имам, мәсжидте бес уақыт намаз оқып, уағыз сөйлеуші, никах оқып, балаларға ат қоюшы, өлгендерге жаназа оқушы.

Мұғалімнің міндеті жалғыз балалар оқыту ғана боларға керек. Әркім өз ісін жақсы біліп, өз ісінің шегінен шықпаса керек. Молданың ісіне мұғалімнің, мұғалімнің ісіне молданың қатысы болмасқа керек. Бұл әр халықта солай. Біреу молда екен, тиісті садақасын алсын да, өз ісінде болсын. Біреу мұғалім екен, бала иелерінен белгілеп ақысын алсын, садақадан үміттенбесін, оқытып тұрған балаларын тастай салып, кісісі өлген ауылға қарай аттана шаппасын.

"Қазақ мұғалімге жалование бермейді, қазақ пәлен, қазақ түген..." деген сөздер қазір мода болып барады. Қазақ түсінер де һәм істер де еді, бірақ бұл күнге шейін түсіндірудің шарасына кіріскен адам аз. Бірақ бұл гәп қазақта емес, шәкірттерде деп білемін. Шәкірттер осы кезде өз міндеттерін білмей адасып жүр, сондықтан олардың еткен еңбектері де жеміссіз. Адасулары сол: олар медреседен шығып, елге барғанда шариғат айта шығады. Олардың борышы бейне қазақты дінге үндеу секілді.

Біздің түсінуімізше, қазақ бұрыннан да һәм қазір де мұсылман, шариғаттың бұйырған һәм тыйған істерін біледі екен, егер оларды орнына келтірмейді екен, ол білмегендіктен емес. Көк өгіздің бар-жоғы, жердің домалақтығы, шалбар жастанса, кітапқа бит салып сықса қанша күнәлі болуы туралы пәтуа берумен мұғалімнің атағы да шықпайды, міндеті де емес һәм халыққа керегі де жоқ. Шәкірттер халыққа пайдалы һәм өздерінің еңбегі арзитын іске кірісудің мезгілі жетті. Шариғат айтудың орнына, оқытудан босанғанда ол кісілерін жинап, пайдалы кітаптар, газеттер оқып түсіндірсе, әрі балаларды, әрі үлкендерді үйреткенге есеп болады. Білімді жұрттардың мұғалімдері осылай істейді. Сондықтан халыққа ең пайдалы адамдар мұғалімдер болады. Қазақтың мұғалімдерге айлап ақы бермей, садақамен асырауында шәкірттер епсіз емес.

Осы кезде қазақ баласы көбірек оқып шығатын Уфа, Троицк, Орынбор, Қызылжар, Семей, Қарқаралы медреселері. Бұлар жазғытұры елге шығарында бір өз болып, тіленшілік қылмасқа, аз-көп болса да айлап ақы алуға сөйлесетін болса, қазақ көнбей қалмайды.

Бір айға бала басы екі сомнан берсе, 10 бала оқытқан мұғалім 20 сом, 15 бала оқытқан мұғалім 30 сом алады. Қалтасына қол салған кісіден садақа үміт етіп телмірмейді. Қазақтың қолында малы болса, шәкірттердің айырбасқа білімі бар, білімнен мал қымбат емес. Шәкірттер осыған қаулы қылса - қазаққа үлгілі іс шығарғаны, өздері тіленшіліктен құтылғаны.

Қазақша оқудың көп кемшіліктерінің үлкені - жақсы оқытушылар мен оқу құралының кемдігі, оқу жылының белгісіздігі. Бұл гәптар шәкірттерде болмаса да, мүмкін қадар толықтыруға тырысарға керек. Қазақ балаларын барынша бір тәртіп, бір емлемен жазылған жеңілірек кітаптармен оқытарға керек, оның үшін шәкірттер қыс медреседе кеңесіп, басқа жердегі серіктерімен хат арқылы, газет арқылы ақылдасып, бірыңғай боларға керек. Қазақ ішінде бір мұғалім екі жыл тұтас тұрмайды, сондықтан әрқайсысы әртүрлі жолмен оқытса, балалар шатасады, тез үйрене алмайды һәм мұғалімдерге де ауырлық келеді.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

"Шәкірттер жайынан" мақаласынан

"Қазақ" газеті, 1913 жыл,№22

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар