Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақ тілін мазақтаған Черчесов мүлдем кешірім сұраған жоқ. Мен де сұрамас едім" - Әділет Бәрменқұлов

09:44, 19 қазан 2024 629

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовті қолдап, мемлекеттік тілді мазақ еткені үшін кешірім сұраудың қажеті жоғын айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Әділет Бәрменқұлов бұл жайлы РИА Новости-ге берген сұхбатында айтып, мұндай жағдайда өзінің де кешірім сұрамайтынын жеткізген:

«Бізде әдеп комитеті бар. Комитет өз шешімін қабылдады. Бірақ бас бапкердің сөзінде ешқандай кекету, мұқату болмаған. Әзілі сәтсіздеу, шектен шығып кеткен. Сол үшін айыппұл салынды. Біз Черчесовпен сөйлестік. Ол тілшіге әзілдеген. Негізі екеуінде де қателік бар. Алайда, ешқандай арам ниеті болған жоқ. Не үшін кешірім сұрауы керек? Мен де кешірім сұрамас едім.

Әдеп тұрғысынан шектен шықпауға болады, ал шектен шықты ма, демек проблема бар. Екі мың доллар көлемінде айыппұл салдық. Әдеп комитетінің шешіміне аздап ренжіді. Ал қазір сабасына түсті. Әрине, нормативтік актілерде үлкен көлемдегі айыппұлдар да қарастырылған. Дегенмен, бұл да жеткілікті», - дейді Әділет Бәрменқұлов.

Еске сала кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында журналист Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған. Бас бапкер журналистің сұрағын қылжақ-келекеге айналдырып, «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың, французша ма?» деп сөзін бөлді.

Бұл өз кезегінде қоғамда үлкен наразылық тудырып, қазақстандықтар Черчесовтың отставкасын талап етті. Тіпті, іске Спорт министрі Ербол Мырзабосынов араласып, Бәрменқұловтан жағдайды түсіндіруін талап еткен. Неге екені белгісіз, артынша министр райынан қайтып, халықтан ресейлік маманға түсіністікпен қарауды сұрады.

Станислав Черчесовтің төлеген айыппұлы да қазақстандықтарға ұнамады, бапкер "садақа берді" деген сынға қалды. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар