Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақ халқының бір жақсы мұрасы - "жылу". Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не әдеті өзгермеді?!

23:19, 28 сәуір 2024 374

Қазақ халқының бір жақсы мұрасы - "жылу". Бір нәрседен зиян тауып қалғандарға беретін осы жақсы әдеттің қашан шыққаны белгісіз. Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не әдеті өзгермеді?!

Қазақ халқының бір көңілді көтеретін әдеті - қонақ күтуі де жылдан жылға бұрынғыдай болмай барады. Бұрын қонақтарды таңдамай қалдырады екен, тек жолаушыменен болса. Осы күнде қонақтарды таңдап сыйлайды. Жақсыларды, күміс ер-тоқымдыларды, бөлек атшы алып жүргендерді ғана қондырады. Қондырған уақытта көп арамдық-қулық, алдаушылықтар бар - бұрынғы уақытта болмаған.

Бұрынғы бір жақсы жері қазақтың сол еді: бұрынғы уақытта қонақ қылу өз жақындарына көмек тәрізді еді. Бірдемеден зиян шегіп сорлы болып қалған уақыттарда һеш нәрсе ойламай, адалдығымен қылушы еді. Егер қонақ жақсы кісі болғанда да: "осы кісіменен тату болайын; бір уақытта пайдасын көрермін!" деп ойлаушы еді. Солай қылғандары мейлінше жақсы, әдепті көрініп, қонақтар да бек риза болып, жүрерде байменен өз туғандарындай амандасып кетуші еді, қимай.

Бұ күнде қонақ байды алдап, бай қонағын алдайды. Бір-бірін жақсы біледі. Сонда да қонақ ойлап отырады: "сендердің жайың мағлұм - менің үстімде жібек шапаным болмаса, иттей қылып қуып жіберер едің!" деп. Сонда бай ойлап отырады: "Сен маған келген жоқсың ғой, қымызым менен қойыма келдің ғой! Өзің, залым, дәмсіз жалмауыз болған соң, менің ақ үйіме өзгеден бұрып босқа түскен жоқсың ғой! Төбенің ар жағындағы малшыдан жолда кімнің қымызы жақсы, кімнің бай екенін тегін сұрап алған жоқсың ғой!?- деп.

Бұрынғы уақытта жолаушы кез келген үйге түсуші еді һәм үй иесі кедей болса да тамақ тауып беруге, сол қайдан ұрлап алса да, сыйлап, одан соң иесіне төлеп береді екен.

"Жылу" да мейлінше жөнсіз болып кетті. Бұрын зиян көріп қалғанадарға көмекті ыхластарымынен береді екен: қулық-зұлымдық ойламай. Жақындарын аяғаннан осылары мейлінше жақсы әдет еді. Осы күнде көмек бергізген пара берушідей болып кетті. Қазақтар біреуге бұ күнде жылу берсе, берген кісінің қандай екенін байқайды, байлығының қандай екенін, бұрын мұндай ойламаушы еді. Кедейлерге көмек беруге ар көреді һәм пәлен бір уақытта қайтарып алу қиын деп ойлайды. Бірақ кедейлерге оны-мұны берсе, соның ақысына жұмыс қылдырмаса, олай қылмайды. Көмекті иесіне береді, есебі халықтың сондай жақсы құрметті жоғалтпауға тырысатын әдетінің бұзылып, құрып жатқаны.

1889-ыншы жылда июньде Қ. шаһарында ноғай жағында бүтін бір махалле өртеніп күйіп кетті. Солардың ішінде шаһарда әулие кісінің бірі болып жүрген бір ноғайдың да үйі өртенді. Сол ноғай өзінің даңқ-атағын шығарып, қазақтарды аударып алып, мұрындықтап жетектеп жүреді десе де болар. Сол мырза "жылу" деп көп ақша, жылқы һәм ғайриларын жиып алды. Сол турада бізге таңырқап һәр қайысы айтты: қазақтар соған бір күнде 40 жылқы, 10 түйе келтірді деп. Сондай жылушыл, "аяғыш" қазақтардың қырдың көнгіштерінің А.Б. деген соқыр кедей ноғайына жылу қылғаны қаны? Ол ноғай да сол өртте күйіп еді, мырза болсаңдар, неге сол ноғайға, тым болмаса, азырақ бірдеме көмек бермедіңдер? Аталарыңнан қалған жол-көмекті солай берсін деді ме, аталарыңның жолы солай ма!?

Сендерге не айтайын: тек аталарыңа тие берсін! Бірақ, халықты сол сияқты қор қыласыңдар!

Әлихан Нұрмұхамедұлы

"Бұрынғыдан қалған жақсы мұра" мақаласынан

"Дала уалаятының газеті", №47, 24.11.1889 ж. Омбы.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. I том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар