Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына қарсы шықты

04:29, 19 желтоқсан 2022 298


Қазақстан БҰҰ-ның Ресейден Украинадағы басқыншылық соғысты тоқтатып, әскерін шығаруды талап еткен қарарына қарсы дауыс берді. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.



Қарар «Уақытша басып алынған Қырым автономиялы республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығының жағдайы» деп аталады. БҰҰ Бас ассамблеясы 15 желтоқсанда қабылдаған құжатты 82 ел қолдады, 14 ел қарсы шықты, тағы 80 мемлекет қалыс қалды.



Құжатқа қарсы дауыс бергендер қатарында Қазақстан мен Ресейдің өзінен бөлек, Беларусь, Куба, Никарагуа, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Мали, Судан, Эфиопия, Сирия, Эритерия сияқты мемлекеттер бар.



«Неміс толқынының» хабарлауынша, құжатта түбек бойынша бұған дейін қабылданған қарарларда айтылған жайттардан басқа, Ресейдің Украинаға басқыншылық жасау мақсатында Қырымды пайдалануын айыптау да бар. Қарар Ресейді «Украина мен украиналықтарға өшпенділік тудырды, Кремльдің Украинаға басқыншылығын ақтайтын жалған ақпарат таратты» деп айыптайды.



БҰҰ Бас ассамблеясы Қырымда белсенділерді қудалау мен азаматтарды күштеп көшіру, адам ұрлау, «тазалау» әдістеріне жол беруге болмайды деп санайды. Қарар «Ресейден Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатып, әскерін Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасынан тыс жерге алып кетуді» талап етеді.



«Ресейдің одақтасы Қазақстан Кремльдің Украинаға басқыншылығын қолдаған жоқ, ашық айыптамаған да. Қазан айында Ресей аннексиясын айыптаған резолюцияға дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған. Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «қалыс қалу деген де БҰҰ-да қарастырылған ұстаным, Қазақстан стратегиялық нейтралитет ұстанады» деп мәлімдеген. Бұл жолғы дауыс беруіне байланысты Қазақстан СІМ түсініктеме бермеді», – делінген хабарламада.



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар