Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақтың бас ақыны". Бүгін - Абай күні

10:45, 10 тамыз 2024 375

Бүгін қазақ әдебиетінің таңшолпаны болған Абай Құнанбайұлының туған күні әрі елімізде Абай күні. Атап өтейік, 10 тамыз ресми түрде ақын Абай Құнанбайұлының туған күні деп есептеледі. Бұл жайлы Alash.KZ ұлттық порталы хабарлайды.

Қазақ әдебиетінің ең ірі тұлғасы Абай. Бас ақын 1845 жылы қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Арада 25 жыл өткенде Абайды дүниеге әкелген өңір қайтадан облыс мәртебесін алып, Абайдың атымен аталды. Осылайша қазір елімізде екі ақынның атында облыс бар. Бірі – Жамбыл, екіншісі – Абай.Абай мұрасы дегенде еске жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық «қара сөзі» түседі. Орыс әдебиетінен Пушкин мен Крыловты, Батыс әдебиетінен Гете мен Байронды аударды. «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын оқыған адам ақынның Шығыс әдебиетінің жауһарларымен етене таныс болғанына көз жеткізеді. Батыс пен Шығыс әдебиетін тел еміп, одан алған азығымен қазақ әдебиетін байытқан ойшылды ұлт руханиятының реформаторына теңейтіндер бар.

Әдебиет теориясында Абайды қазақтың жазба әдебиетінің бастауындағы тұлға деп сипатталады. Өзінен кейінгі «Абайдың ақындық мектебі» деп айдар тағылған буын Алаш зиялыларының әдеби дамуына әсер етіп, үлгі болды.

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп жазды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Абай мұрагерлері еліміздің рухани әлеуетін арттыра берсін! Абай күні құтты болсын! 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар