Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі

23:13, 07 тамыз 2024 421

Қазақстан үкіметінің ағарту комиссары һәм ҚССР го-сиздаты алдындағы жазушылар ұйымының 14 январьда болған кеңесінде қазақтың І, ІІ басқыш еңбек мектебіне оқу құралдарын даярлау туралы шығарған қаулыларын газеттерден оқыдық. Сөздің іске асатын кезі келген шығар,іске сәт.

Қаулыда І, ІІ басқыш қазақтың еңбек мектебіне пәлендей құралдар пәлендей уақытта жазылып бітсін деген. Бірақ ол құралдар қандай негізде құрылу керек, қандай түрде болу керек, бұл көрсетілмеген. Көрсетілмеуі: сөз жоқ, қолайсыз. Ағарту комиссариаты ресми бұйрықпен көрсетсе, сөз жоқ, қолайлы болар еді.

Бұл сөздің мәнісі мынау: оқу құралдарының құралатын негізі – мектеп. Оқу құралдардың мінезі – мектеп мінезінің айнасы. Түрлі пәннің (предмет) мектепке қай шамада, қай түрде кіруі де мектептің өзінің қаңдай негізге құрылуына, қандай мінезді болуына байлаулы нәрсе. Олай болса, жазылашақ біздің оқу құралдарымыздың да мінезі мектебіміздің мінезіне байлаулы болуға тиісті. Ойлауға мүмкін, үстеріне кітап жазу міндеті артылған азаматтардың ішінен көз жұмып, әйтеуір жазылып кітап бола берсін деп іске кіріскендері сықылды, ана «байлаулардың» басыңда басы қаңғырып, дағдарып отырғандары да болар. Осы дағдарыстың болуыңда тамаша жоқ.

Әңгіме былай. Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебін де салмақ. Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық. Тарихты аз ғана болса да ақтарған кісі мұны біледі. Бисмарк айтса, айтпаса да неміс елінің соңғы біраз заман ішіндегі дәуірлері мектебін құра білуден болған еді.

Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт.

Қазақ мектебі осы күні үш жолдың әрелігінде тұр. Біреуі – артында. Оны жүріп шықты деуге болады. Екеуі – алдында.

10-15 жыл бұрын біздің мектебіміз сиыр көзді, сәлделі молдасы, былдырлаған балаларды шыңғыртатын көк шыбықтары, бисынба, биясынби, битүрүлері, уал, қадір, кире үшремін, аллатағалалары, тағы толып жатқан бірдеңелерімен тұп-тура өлімнің ұясы еді. Жан, денені бірдей улайтын схоластикалық сасық зынданы еді. Тұрмыс, жаратылыс туралы балаға ешбір білім бермейтіні былай тұрсын, оқу, жазуды да білдіре алмайтын еді.

Соңғы 10 жыл ішінде қазақ оқыған азаматының біраз жандануымен мектебіміз де біраз жандана бастады. Мектеп төрінде тізгінсіз тәңірілік құрған әліпби орнына «ғылым» мол кіріп отырды. Ми шірітуден басқаға жарамайтын мектебіміз хат танытатын мектепке (школа грамоты) айналды. Бұл – мектебіміздің 1917 жылға шейін жүріп шыққан жолы.

1917 жылғы үлкен толқын қалғып отырған қазақ азаматын да қағып оятты. Саясат һәм шаруашылық жағынан елінің қолын жеткіземін деп ұмтылған азамат қазақ мектебін де жаңа жайлы, таза негізге құрмақшы болды. Қала сайын дерлік курстар ашылды. Көздерінде, көкіректерінде ұшқыны бар мұғалімдер шығарылды. Мектеп пен тірі дүние ортасындағы қытай қорғанын бұзып, мектепті білім беріп,тұрмысқа даярлайтын, келешекте ел ісінің иесі болатын азаматтар шығаратын жер жасауға: мектепке тұрмыс һәм жаратылыс ғылымдарын кіргізуге бет алды.

Тіпті құр қампиту емес, 1917, 1918, 1919 жылдар қазақ мектебі үшін күнбатыс Европа мектебіне ояну (ренессанс) дәуірінің істеген қызметін істемек еді. Ояну дәуірінде мектептен схоластика қуылып, мектеп тұрмыс һәм жаратылыстың айнасы болсын деп, Ребле, Муннен, соңғы таман Каменскийлер шықса, өткен 2-3 жылдың ішінде қазақ мектебін жаңа негізге құрмақшы болған азаматымыз да кішкене дүниесінде кішкене Ребле, кішкене Муннен, кішкене Каменскийлер еді.

Бірақ басталған жыр бітпей үзілді. Қолға алынған іс тыянақталмай қалды. Төңкерістен төңкеріс болды.Толқыннан толқын қақты. Тегінде «тағдыр жазған» жолымен қалтақтап келе жатқан қазақ елі Россия революциясы толқынының екпінімен кете барып қанша ұтты, қанша ұтылды, бұл істері жұмбақ, анық шешуін тарих берер. Қазіргі күнде екпіндеп бара жатқанымызда өзімізге өзіміз есеп беруге қол тимейтін түрі бар.

Бірақ мектеп ісімізге аз ба, көп пе есеп беруге болады. Мектебіміз белгілі берік бір негізге құрыла алмады. Бір жақтан – әліпби һәм ғылым – ол, екінші жақтан – ұлт тілі, жаратылыс, үшінші жақтан – орталық һәм машина (социальный индустриализм) негізіне құрылған еңбек мектебі.

Міне, қазақ мектебі осы күні осы үш оттың ортасында отыр. Әліпбиді еллалла қырық молдамен зорға етіп, екінші жолға аяқ баса бергенде, үшінші от жарқ ете түсті. Дұрыс, еңбек мектебін совет үкіметі тіпті жоқ жерден шығарып алған жоқ. Мектепті еңбек негізіне құру педагогика дүниесінің көптен бері көксеген ізгі тілегі болатын. Еңбек мектебінің совет кезінде атой беріп шыға келу себебі – совет үкіметі һәм коммунизм жолындағы адамдар еңбек мектебін саяси күреске құрал қылып отыр. Дұрысы, құрал қылайын деп отыр.

Жоғарғы сөздердің қорытындысы – үш тарау жолдың ортасында дағдарып тұрған мектебімізді белгілі бір жолға нұсқап жіберу – ертеңге қалдыруды көтермейтін міндетіміз. Қалайда мектебімізге берік бір негіз салу керек. Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады.

Еліміздің саяси ынтымағы һәм шаруашылық тұрмысын жаңа жолға қоймақшы болғанда да біз еліктеу ауданында жүрміз. Қазақ жанын қайшылап отырып жат қалыпқа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру яки жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады. Мектебімізге негіз салғанда біз тағы осы жолға түсіп кетпесек игі болар еді.

Дұрыс, бізге жақын жерден үлгі болатын – орыс мектебі. Бірақ орыс мектебінің өзі осы күңде тоғыз жолдың торабында тұр. Жалпы адамзат өсіп-өну тарихында не істесе, бір адам да өсіп-өну тарихыңда соны істейді. Тарих таңында жалаңаш,тағы адамды жан, ақыл билеген жоқ, дене биледі. Бері келе-келе жан мен ақыл денеден тізгінді ала берді. Мектеп те осылай құрылуға тиісті. Қол еңбегі, дене еңбегі,
әрқилы мектеп бас кезінде тізгінді баланың денесіне берсін,ілгерілей келе жанның, ақылдың әкім болуына қызмет қылсын. Яғни, мектеп биогенетический негізге құрылсын депті Гансберг, Рубинштейн.

Кітап – мәдениеттің негізі емес, мәдениеттің негізі қол еңбегі, олай болса, кітап әншейін көмекші болып, мектеп басынан аяғына шейін қол еңбегі негізіне, яғни мануалистический негізге құрылсын депті Диюби, Зидель. Жоқ, мәдениеттің қол-аяғындағы құрсауды тас-талқан қылып, оны ерікке шығаратын – машина, олай болса, кітаптың керегі шамалы, мектепке түскен адам бітіріп шыққанша машинаны айналдырсын, соны үйренсін, яғни мектеп индустрия негізіне кұрылсын депті аналардың шәкірті – орыстың Блонскийі.

Есебі – Блонский адамды машинаға тас байлап, машина жанды қылып шығармақ. Адам жанын байлап, машинаның құрбаны қылуға ұмтылу – адамзат дүниесінің соңғы ауруы. «Машина мәдениетімен көбік шашып күресіп жүргендер – сол мәдениетпен нағыз уланғандардың өзі деп ойлауға күшті дәлелдер бар» 1 ,– деген профессор Рубинштейн сөзі дұп-дұрыс деуге болатын шығар. Тағы-тағы толып жатқан деділер... Қысқасы – тоғыз жолдың торабы...

Жалғыз-ақ осы толған тораптың арасынан ашық көрінетін нәрсе – біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап кететін талассыз даңғыл жоқ. Сол жолдардың біреуін талассыз деген күнде де, сынамай, икемдемей, даяр қамытты қазақ баласының мойнына кигізе қою тарих алдында, еліміздің тағдыры алдында кешірілмес күнә болар еді.

Бұл мақала – педагогика дүниесінде мектеп құрылысы туралы қандай ағымдар бар, һәм біздің мектебіміз қандай негізге құрылуға тиісті – осыларды осы бірнеше сөзбен аша қою ойымен жазылып отырған емес. Мақаланың мақсаты – ескерту. Оқу құралдарын жаздырып жатқан ағарту комиссариаты, жазып жатқан азаматтар бұл оқу құралдары қандай мінезді мектепке арналады, сол туралы ой жүгіртсе игі болар еді деген үміт. Кең қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза пән кезінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабысуы жағынан келу дұрыс болар еді деген ой.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

"Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз" мақаласынан

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар