Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қоғам қайраткері» деген ұғым құнсызданып кетті - ЖУРНАЛИСТ

15:43, 19 қыркүйек 2024 230

Журналист Ерболат Мұхамеджан “қоғам қайраткері” деген атаққа қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Ол бұл туралы пікірін өзінің facebook парақшасына жариялады.

«Қоғам қайраткері» деген ұғым соңғы жылдары құнсызданып кетті. Әлеуметтік желіде бірнеше мың жазылушысы немесе бірнеше форумға қатысқан кез келген адам өзін қоғам қайраткері деп атайды. Осы ұғымның мағынасы қандай және неге құнсызданып кетті?

Біріншіден, қоғамға қызмет дегеніміз – жай ғана талқылауға қатысу немесе іс-шараларға барып суретке түсіп сол бойынша пост жазу емес. Бұл нақты әлеуметтік, экономикалық, ағартушылық немесе мәдени мәселелерді жүйелі түрде шешу. Шынайы қоғам қайраткерлері реформалар жүргізеді, адамдардың өмірін жақсартатын жағдайлар жасайды, халықтың мүддесін қорғап, олардың құқықтары үшін күреседі. Егер сенің жалғыз белсенділігің – лайк жинап, әлеуметтік желіде пікір қалдыру болса, сен қоғам қайраткері емес, жай ғана әлеуметтік желі белсендісі боласың. 

Екіншіден, қоғамға қызмет тек назарда болуды емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті талап етеді. Шын қайраткерлердің артында ірі жобалар тұрады, олардың нәтижелері адамдардың өмірінде пайдаға асады. Бұл мектептер салу, инфрақұрылымды дамытуға көмек беру, әлеуметтік топтарға нақты көмек көрсету болуы мүмкін. Ал біз не көреміз? Өзін қоғам қайраткері деп атап жүрген көптеген адамдар шын мәнінде тек өзін жарнамалаудан басқа ештеңе ұсынбайды.

Үшіншіден, қоғам қайраткері болу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болу маңызды. Бірақ мәселелерді шешуден гөрі, жеке басының жарнамасымен көбірек айналысатын адамдарға қалай сенім артуға болады? Қоғам қайраткерінің мәртебесін жай ғана өзіңе тағып ала салуға болмайды. Ол тек нақты жетістіктер арқылы, қоғамның өміріне оң өзгерістер енгізгенде ғана халық өзі сені солай атауы керек.

Қалыптасқан жағдай шын мәнінде халықтың игілігі үшін қызмет етіп жүрген қоғам қайраткерлеріне деген сенімді төмендетеді. «Қоғам қайраткері» деген атақ шынайы қайраткерлерге ғана тиесілі болуы тиіс – қоғамды алға сүйрейтіндерге, ал тек өз мүддесін ойлайтындар бұл мәртебеге лайық емес.

Батыста бұл ұғымға деген көзқарас әлдеқайда қатаң. Егер сен қоғам қайраткері атансаң, сенің әрекеттерің де сол атаққа сай болуы керек. Әлеуметтік жауапкершілікті, шынайы реформаларды, нақты нәтижелерді талап етеді. Жалған қайраткерлер тез әшкере болып, қоғамның теріс айналуына әкеледі. Батыс қоғамында сенім тек жарнама арқылы емес, іс жүзіндегі жетістіктермен ғана қалыптасады.

P.S. Кезінде Atameken Business телеарнасында эфирге келген спикерлердің кейбірі өзін “қоғам қайраткерімін” деп таныстыршы деген кезде біртүрлі қабылдайтынмын, олар енді үлкен кісілер болды, ал қазір кейбір жастар солай кетіп барады”,- деп жазды ол өз постында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар