Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қосымша жаза күшейтілді" - Адвокат Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкім өзгеріссіз қалғанын хабарлады

14:10, 08 қараша 2024 908

7 қарашада Алматы облыстық соты журналист Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық радиосына оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Биыл тамызда бірінші инстанциядағы сот Думан Мұхаммедкәрімді жеті жыл түрмеге кескен еді. Оған қоса, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.

"Жеті жылдық түрме жазасы өзгеріссіз қалды. Қосымша жаза күшейтілді. Прокурор сотта Думанды үш жылға қоғамдық орындарға, жиналыстарға баруға, қатысуға, ақпарат құралдарына сұхбат беруге және тағы өзге де шектеулер қоюды тыйым салуды сұраған. Судья соның өтінішін орындады" деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 8 қарашада Азаттыққа.

Азаттық радиосы адвокаттан "бірінші сатыдағы сот Думан Мұхаммедкәрімге үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Ал оның апелляциялық сот салған тыйымнан айырмашылығы қандай?" деп сұрақ қойған еді.

Сот құжаттарына сүйенген адвокат бірінші сатыдағы сотта Думанға қойылған шектеулер: қызмет түрлері нақты көрсетілмегенін, ал бұл жолы нақты жазылғанын айтты. Журналист қатыса алмайтын орындар немесе қолдана алмайтын платформалар арасында "конференциялар, дебаттар, телебағдарламалар, оның ішінде БАҚ, әлеуметтік желілер және басқа да телекоммуникация желілері, ереуілдер, бейбіт жиындар, саяси партиялар, діни ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіподақтар" бар.

"Бұл іс жүзінде үйқамақ болады" деді адвокат.

Адвокаттың сөзінше, апелляция сатысында Думан Мұхаммедкәрімге іс материалдарымен толық танысып үлгеруге мүмкіндік бермеген. Журналист те, адвокат та үкімді заңсыз санайды және кассацияға шағым түсіруді жоспарлап отыр.

"Сотта біздің өтініштерді мүлде қарастырған жоқ. Құқық тапталды. Сот саяси тапсырысты орындады деп санаймыз" деді адвокат.

Апелляция соты жабық өтті. Оған жақтастары, ақпарат құралдары кіре алмады. The Qazaq Times басылымының YouTube-арнасы таратқан видеода сот ғимараты алдына белсенділер жиналғаны көрінеді. Олар "Думанға бостандық!" деп айқайлаған. Ғимарат маңын арнайы жасақ күзетіп тұрды.

Адвокаттың сөзінше, қорғау жағы журналисті Қапшағайда қалдырып, сосын сол жерден Заречныйға ауыстыруды сұрап, Астанаға өтініш жазған. Әзірге жауап келмеген. Бұған дейін журналист Талдықорғандағы изоляторда болған.

Алматы облыстық сотының сайтында сот жөнінде ешқандай хабар жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?