Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ракпен ауыратындарға ақшаны азайтып, дәріні қымбаттатқанша, қаптаған анализдерді қысқарту керек" – Аймағамбетов

18:54, 18 қыркүйек 2024 989

Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымына қарсы шықты. Ол министрліктің онкология, гемодиализ, паллиативті көмекке бөлінетін қаражатты қысқарту туралы шешімімен келіспейтінін қатаң түрде мәлімдеді. Сонымен қатар, бұл бастамаға тиісті түзету енгізіп жатқанын ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

«Өлім деңгейі ең жоғары болып, жылда жаман аурумен ауыратындар саны өсіп жатқан, маммографтардың 40 пайызы, эндоскоптардың 47 пайызы ескі болса, сәулемен емдеу тек қана 37 пайыз болса, проблемалар ушығып тұрса, біз неге осы шығындарды азайтуымыз керек деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз және тиісті түзету беріп жатырмыз. Өйткені бұған жол бермеу керек», - деді депутат мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, депутат егер денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат тапқысы келсе,  ақшаны басқа жерден іздеуі керек екенін айтты.

«Ең алдымен өздерінің хаттамаларын қайта қарауы керек. Өйткені бізде керек емес, қаптаған анализдер көп. Порталға қояр кезде анализ тапсырады, барғанда тағы анализ, жатқанда тағы анализ. Оның бәрі ақша емес пе? Тіпті қазір біздің қолымызда Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бар. Мысалы аспириннің ең жоғары бағасын белгілегенде, Ресейдегі бағамен салыстырғанда бізде үш есе жоғары дейді. Сол себепті біз ақшаны тиімсіз қарастырылған бағыттардан алуымыз керек. Дәрі-дәрмектің қымбат бағасын төмендетіп, керек емес зерттеулерді азайтып, министрліктің ішіндегі қажет емес шығындарды да қысқартуымыз керек. Сол арқылы жарты триллион теңгеге дейін ақша табуға болады», - дейді депутат.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар