Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Рухты қазақ қызы. Әбиба Әбужақынова Париждегі сәтсіздіктен соң келесі додаға дайындықты бастады

09:31, 04 қыркүйек 2024 612

Дзюдо спорты бойынша додаға түсетін Қазақстан әйелдер құрамасы Загребте (Хорватия) өтетін Гран-при турниріне қатысады. Бұл бағытта құрама қазір оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Команданың қазіргі жағдайы мен Парижде жүлдеден қағылған Әбиба Әбужақынованың жеке жоспары жайлы бас бапкер Ерлан Алпысбаев айтып берді, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

Massaget.kz порталының хабарлауынша,Әбиба Әбужақынова кезекті додаға дайындалып жатыр.

Естеріңізде болса, дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Париж Олимпиадасында жүлдесіз қалған еді.

Бас бапкердің айтуынша, Әбиба да Париждегі сәтсіздіктен соң күш алып, қалпына келіп, келесі жарысқа қатыспақшы.

"Әбибаның Қазақстан чемпионатында күресу, күреспеуі белгісіз. Жыл соңына қарай, қазанда өтетін Әбу-Дабидегі Grand Slam турниріне қатысады. Олимпиададан кейін Әбибаны "Жеңіс" клубы демалысқа жіберді. Париж ойындарына француз мамандары және жеке бапкерімен дайындалды. Аздаған демалыстан соң Әбужақынова татамиге оралады. Биылғы маусымда әлі қатысатын додалар бар", - деді Алпысбаев.

Сонымен қатар, дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір үздігі Ғалия Тынбаева да ірі жарыстардан сырт қалмайды.

"Ғалия Тынбаева мен Ақерке Рамазанова қазір жеке жоспар бойынша Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр. Одан бөлек, Ғалияны 14-20 қазан аралығында Ташкентте өтетін әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігіне жібереміз. Қараша айында Тынбаева Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды. Содан соң, Токиодағы Grand Slam турнирінде белдеседі. Жыл соңына дейін Ғалияның жарыс кестесі өте тығыз болмақ", - деді бас бапкер.

Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер командасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

"Қыздар құрамасы Түркістан облысындағы "Алма тау" базасында жалпы дене жаттығуы бойынша жиын өткізіп жатыр. Базалық жаттығуларға ден қойдық. Келесі жиынымыз Ақтаудағы Азия кубогінің алдында өтпек. Сол кезде құрлық додасына қатысатын барлық спортшымыз бас қосады. Әбиба Әбужақынова да сол жиында жаттығуды бастайды", - деді команданың бас бапкері.

Айта кетелік, Загребтегі (Хорватия) Гран-при турнирі 13-15 қыркүйекке жоспарланған.

Әбу-Дабидегі Grand Slam додасы 11-13 қазанда, Токиодағы Grand Slam бәсекесі 7-8 желтоқсанда өтпекші. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар