Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шындықты жазудан бойын аулақ салып, «партияның сызып берген сызығы» бойынша қалам тербеп жүргендер...

15:20, 01 мамыр 2024 361

Өткен мамыр айының орталарында шықкан Ашхабат газеттерінен, солардың ішінде «Туркменская правданың» 34.05.17 санынан түркістандық әдебиетшілер Кербабаұлы Берді мен Бұрынұлы Қаражанның «мойындау хаттарын» оқыдық. Өздерін еркін, демократиялы ойлардың отаны ретінде көрсеткісі келетін кеңестік Ресейде, «Партияның бас жолынан» бір елі жаза басқан жандар большевиктердің кәріне ұшырап отыратынын, ал одан құтылу үшін әлгі «пүшаймандар» өздерінің кешегі жақын достарын, тіпті ата-аналары мен арғы бабаларына дейін қаралап, бет-жүздеріне күйе жағып, «мойындау хаттар» жаздыратынын жиі көріп тұратын болдық.

Өздерінің бүкіл ғұмырын теріске шығарып, өзін-өзі өтірікші етіп көрсету кеңес «саясатшыларына» пәлендей бір ауыр іс болмағаны тәрізді, әдебиетшілер үшін де үйреншікті әдетке айналса керек. Әдебиетшілер көздерімен көріп, санасында саралағандарын жазғанда ғана өздерінің нағыз қаламгерлік борышын өтей алады. Қаламгердің шығармалары сонда ғана халықтың рухани сұранысына жауап бере алатын болады.

Шындықты жазудан бойын аулақ салып, «партияның сызып берген сызығы» бойынша қалам тербеп жүргендердің шығармалары қандай мүшкіл халге түскенін «Яш Түркістанның» өткен жылғы 55-санында Исен Тұрсынбек көрсетіп берген болатын. Орыстың жаңа дәуір қаламгерлері арасында айрықша шоқтығы биік Есенин мен Маяковский де өздерін Мәскеудің «сызығына» сыйғыза алмай, өз өмірін өздері қиып тынды. Атақты Максим Горький де жазушыларға тек «өз көздеріңмен көргендеріңді, өз ақыл-парасаттарыңнан өткергендеріңді жазыңдар» деп талап қоюда. Коммунистік Партия Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша «партия сызығы» мен шығарма жазудың үлгісін көрсету мақсатында Түркістанға бірнеше мәрте «Кеңес әдебиетшілерінің бригадалары» жіберіліп, Түркістан өмірінен орыс тілінде шығармалар жаздырылды. Алайда Александр Сытин, Николай Тихонов, Борис Пильняк және басқа да көрнекті әдебиет қайраткерлерінің Түркістан сапа-рынан жазғандары, большевик билеушілердің айтуларына қарағанда, адам ойынан туғаны күмәнді жалған нәрселер, қайдағы бір «бықи-тықилар» болып шыққан көрінеді.

Өйткені, бұл мырзалар «партия сызығы» ішіндегі тақырыптарды таба алмаған тәрізді. Партияның талап етіп отырған нәрселерін Кербабаұлы да таба алмауы әбден ықтимал. Өйткені, ол нәрселер Түркістанда мүлде жоқ және болуы да мүмкін емес. Айдауда жүрген Бердіұлы Бәкі, Бұрынұлы Күмүшәлілердің шындықты Лениннен ғана үйрендік дегендеріне иланып, бірдеңелерді бұтып-шатуға, Мақтұмқұлының жүзіне «түкіруге», «партия сызығын» қабылдауға болатын шығар, бірақ мұндай жолмен Түркістанның рухани сұранысын қанағаттандыру мүмкін бола қоймас. Оған дәлел керек болса, Фархаттың бастан кешірген «қасыреті» көз алдымда тұр. Өздерінің айтуларынша, «Түркімен әдебиетінде басты орынды иеленіп келген» Кербабаұлы мен Бұрынұлы бұл шындықты жақсы білсе керек. Бірақ, олар орыс тарихшысы Куколь Яснопольский тәрізді «Қожам айтса, құп дейміннің» кебін киіп отыр. Кербабаұлы мен Бұрынұлының «Мойындау хатын» оқығанымда есіме, міне, осы нәрселер түсіп еді.

Мұстафа ШОҚАЙ,

Адасқан әдебиетшілер (Кербабаұлы Берді мен

Бұрынұлы Қаражанның мойындау хатына орай) мақаласынан

1934 жыл, №57

Дереккөз: Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 2-том. - Алматы, 2007

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар