Отан алдындағы борышын өтеуге барған сарбаздар табытпен оралып жатыр. Бұл жағдай ешкімді бей-жай қалдырмайды. Шоу-бизнес өкілдері өз ұлдарын әскерге жіберуге қарсы екенін жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Stan.kz ақпарат агенттігі әншілер және әртістермен тілдескен. Өнер өкілдері әскердегі әлімжеттікті айыптады.
Мәселен, Тәуекел Мүсілім әлімжеттікке тап болған жас сарбаздардың оңалып кетуіне тілектестік білдірді.
“Әжетханаға дейін камера орнату керек”
“Жантүршігерлік жағдайлар қайталанып жатыр. Әскердегілердің білмей қалуы мүмкін емес. Іштегі жағдайлардың бәрін бақылап отырады. Бірінші сол кісілерді жауапқа тарту керек. Ой елегінен өткізіп, жан-жақты саралау керек. Әлімжеттіктің азаймай тұрғанының бір себебі – тәртіп жоқ. Дұрыс бақылау жоқ. Қазір XXI ғасырда техниканың мүмкіндігі көп. Әр бөлімшеге тіпті әжетханасына дейін камера орнату керек. Әлімжеттік оқиғасы болған кезде дереу шара қолдануға оң септігін тигізеді. Сол кезде әділ тергеу де, нақты дәлел де болатын еді”, – деді актер.
Отандық киножұлдыз әскери саладағы әлімжеттік азаймаса, ұлдарын әскер қатарына қосуға қарсы екенін жасырмады.
“Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырмын. Олардың әскердегі өміріне мен де алаңдаймын. Ұлдарымның Отан алдындағы борышын өтеуі немесе өтемеуі осындай жантүршігерлік жағдайларға тікелей байланысты. Өзім әскер қатарында болмадым. Денсаулығыма байланысты әскерге шақырылмадым. Ұлдарым ер жетемін дегенше, уақыт өзгеретін шығар?! Бірақ дәл осындай жағдайлар қайталанса, үзілді-кесілді балаларымды алып қаламын. Сол жолда қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Ұлдарым өзі сұранса, командирлерінен қолхат алып, өміріне жауапты екендерін жазбаша алып қаламын. Кейде ойлаймын, біздің әскери саламыз сол бұрынғы заманмен қалып кеткен сияқты”, – дейді танымал актер.
Танымал дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязов ұлдарының Отан алдындағы борышын өтеуге қарсы болмайтынын жеткізді. Өзінің де орындалмай қалған арманы көрінеді.
“Ұлдарымның әскерге баруына қарсы емеспін”
“Екі ұлым бар. Біреуі үлкен, екіншісі тым кішкентай. Өзім ертерек отбасын құрып, балалы болғасын әскерге барудан босадым. Ұлым да үйленіп кетті. Бірақ ұлдарымның Отан алдындағы борышын өтеуге ешуақытта қарсы болмаймын. Ер-азамат болғасын бір міндетің саналатын дүние. Бұрын ағаларымыз әскерге кеткенде мұндай жағдай болмапты. Ол кезде Кеңес заманы болатын. Қызық әңгімелерін айтып, әскердегі күндерін сағынып отыратын. Бүгінде ел болып, әскердегі әлімжеттікті тоқтатуымыз керек. Өте қиын жағдайлар болып жатқанын әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Ербаян Мұхтардың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. Халық болып жағдайын бақылап отырмыз. Өз аяғымен аттанған баласын табытпен немесе төсекке таңылған күйде қарсы алу қай ата-анаға болмасын ауыр тиетіні анық. Сондықтан мемлекет бұл саланың көлеңкелі тұстарымен көбірек жұмыс істеуі керек”, – деген пікірде дәстүрлі әнші.
“Әскери борышын өтегендерге тегін пәтер берілуі керек”
Одан кейін әнші, “АБК” тобының солисі, Медеу Арынбаев та әскердегі әлімжеттікке қатысты ойын бөлісті.
“Әскердегі зорлық-зомбылықтың болатынын осыдан 10 шақты жыл бұрын естігенбіз. Бүгінде тіпті үдеп барады. Әрине, ұл тәрбиелеп отырғасын алаңдатады. Тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызбен ұлттық идеологиямызды жоғалтып алдық. Руханиятымыз бен мәдениетімізден қол үздік. Өзім 1985-87 жылдары Кеңес әскері қатарына шақырылдым. Нарьян-Мар қаласында борышымды өтедім. Әуеден келетін жауға тойтарыс беру бөлімшесінің сарбазы болдым. Сол жерде төрт-ақ қазақ едік. Шымкент пен Қостанай, Қызылорда мен Семейден жігіттер болды. Қазіргідей қазақты қазақ ұрмақ түгілі, бір-бірімізді балағаттаған емеспіз. Бүйрегіміз тартып тұрады. Бір атаның баласысың, оны ұруға болмайды деген түсінік қалыптасқан. Ол кезде де әскердің ішкі тәртібі болды. Алты айға дейін “барып кел, шауып кел” боласың. Сосын өзіңнен кейін келгендерді “жұмсайсың”. Бірақ дәл бүгінгідей қатыгездік пен жауыздық болмапты. Біздің мақсатымыз – бір-бірімізді өлтіру емес, бір Отанды қорғау. Ел басына күн туғанда қару асынып, сапқа тұруға тәрбиеледі. Ол кезде жас жігіттердің әскерге бармай қалуы намыс, ұят саналатын. Әскерге барсаң жол ашылады. Жұмысқа тұрып, оқуға түсуіңе мүмкіндік болатын”, – деп жас күнінен сыр шертті өнер иесі.
Сондай-ақ әнші әскер қатарына баруға дайын жүрген ұлы Дәулеттің болашағына да алаңдайтынын айтты.
“Әскерге кәсіби тәртіп керек. Қатыгездік пен жауыздық өршіп тұр. Ұл өсіріп отырғаннан кейін алаңдайтының жасырын емес. Жалғыз мен емес, барлық ата-ана мынадай сорақылықты көргеннен кейін ұлын әскерге жібергісі келмейді. Дәулет әскерге барудан қашпайды. Қазір оқуын бітіріп, жұмыс істеп жатыр. Әскерге шақырып, Отан алдындағы борышын өтету менің құзырымдағы дүние емес. Тамыр-таныс салып, алып та қалмаймын. Өз таңдауына қалдырамын. Болашақта барам деп жатса, батамды беремін. Бірақ денсаулығы жарамай тұр. Маусымдық аллергиясы болғасын, қайтарып жіберіп жатыр. Сенім мен идеология, тәртіп пен тәрбие жоқ жерден қорқу керек”, – деді өнер өкілі.
Эстрада жұлдызы әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегендерге мемлекет тарапынан жеңілдік қарастырылса, түрлі бассыздық орын алмайтынына сенеді.
Менің арманым – жастар әскерге қорқып емес, ел мен жерді қорғаймын деп барса екен. Мен саясаткер немесе әскери саланың маманы емеспін. Бірақ әскери борышын өтеген азаматтарға жеңілдіктер қарастырылса деймін. Тіпті әскери борышын өтегендерге тегін пәтер беріліп, жұмыспен қамтамасыз етсе, бәлкім олқылықтың орны толар ма еді?! Сосын әскери тәртіпке мектеп кезден бастап баулу керек. Спорт үйірмелеріне қатысып, шыңдалу керек. Сонда ғана әскери өмірге тез бейімделеді. Қазіргі жас жеткіншектерге рух жоқ. Сондықтан рухани тұрғыда морт сынады. Одан кейін әскери бөлімшелерді түгел тексеру керек. Жемқорлыққа белшесінен батып тұрған шығар?! Тағы да Кеңес заманын айтып өтейін. Ол кезде сарбазға бірдеңе болса, командирінен бастап басымен жауап беретін. Сол тәртіпті қазір де енгізу керек”, – деген ой айтты мәдениет қайраткері.