Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт ұстазы: Халық құлқынды молдаларды ұмытып, жаңа мұғалімдерге басқа көзімен қарар деген үмітім бар

18:56, 10 қазан 2024 1762

Мақсұтты жерге баруға сапар жолын анықтап білу міндет. Жалғыз болып жаңылса, қатесі өзіне тиеді, басшы бола аламын деп, болып адасса үлкен зианшылық шашады. Қазақ халқы барамыз деген жерін сезіп жүр «ғылым-білім» деп. Барамыз деген жерін біліп оқуға көңілденгенде басшы молда, мұғалімдерді не жолменен апаруын өздері анық білуге аса міндетті. Басшы түзу болса, ұзын жол қысқа, басшы олақ болса, қысқа жол ұзын. Қысқа жолға уақыт аз, ұзын жолға уақыт көп өтеді. Уақыттан бағалы дүниеде ешнәрсе жоқ: Өткен ғұмыр қайта келетұғын тағдыр жоқ, бүгінгі күн ертең жоқ. Байлық уә бақыттылық айналарға мүмкін.

Қазақ халқы жаңа көзін ашып келе жатқан халық: Боларлығы, жетерлігі, пісерлері, гүлденулері алдында һәм бала тәрбиесін уә оқыту жайын нашар біледі. Бұрынғы өнер, ғылым, білім уә тәжірибелері жоқтығынан һәм бала тәрбиесі, оқыту жайы турасында кітаптары аздығынан соның үшін қалімше қарлығаш болып, түзу тәртібіменен сабақ бермек жолын һәм тәрбиесі хақында жазбақ ойым бар.

Әрбір жүз жылда көтерілген қуаттанған жұмыстармен заманды мінездеу (бір қалыпқа кіргізу) бар. Үстіміздегі 20-ншы ғұмырды (ғасыр) «білім ғұмыры» деп айтылады. Кім біледі түзу жолменен жүріп кетсек, һәм базардың қызуында кез келген болып 20-ншы ғұмырда балаларды бәйгеге қоссақ, алдымен келіп бәйге алмасақ та, бөлініп қалмасақ жарар еді. Халықта да жазық мол шығар, солай да болса, «жұмыс ісмерден қорқады» деген. Халық су болғанда мұғалімдер жел секілді боларға керек. Желге су шыдап тұра алар ма?!

Бұрынғы уақытта көбінесе молдалар қарын қамын жеп халықты пайда шығарлығына бір кәсіп тұқымы көретіндей еді. Бұл уақытта жаңа тәртіпті ойы бар мұғалімдер шығып, молдалықты халыққа қызмет ету деп ұғатұғын секілді. Халық құлқынды молдаларды ұмытып, жаңа мұғалімдерге басқа көзімен қарар деген үмітім бар. Һәм мұғалімдер «молданың айтқанын істеп, қылғанын қылма» деген мақалды өз заманындағы молдаларға беріп, өздерін сөз мәнін жеткізбей үлгі болып, кім екендерін халыққа көрсетер деген тілегім бар.

Жаңа, ескі молдалар өтірік намыс ойламай, жұмыс қайда, сонда болып, бірінің надандығын бірінен жасырмай, бірлікте болулары мақұл. Бірлігі болмағанда халықтық аңқаулық ат айғырлық заманның «жаңа қонаққа ескі қонақ орын бермек» деген мақалын ұмытпасқа керек. Әуелден жаңа жеңбек, ескі көнбек. 

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

«Аз уақытта көп білудің басы» мақаласынан

 «Айқап»  журналы, 1912 жыл

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар