Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов үш ауысымды мектеп үшін айыппұлды әкімдікке салуды ұсынды. Депутат мұндай ұсынысты палатаның жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Депутат сот қызметіндегі олқылықтар жайын да сөз етті. Оның пайымдауынша, соттар бүгін мектеп директорларына немесе аурухана басшыларына айыппұл салғанда олардың мүмкіндіктері мен құзыреттілігін толық ескере бермейді.
Мысалы, санпинді бұзды деп мектеп үш ауысымды болса, онда айыппұл мектептің директорына салынады. Бірақ енді директор үш ауысымдылықты басына тілеп алған жоқ қой. Мектеп тиісті деңгейде салынбағаннан кейін дәл осындай жағдайға жетеді. Сондықтан мүмкін мұндай мәселеде айыппұл әкімдіктерге салыну керек шығар. Лаборатория, құрылғылар жетпесе, тағы да директорға жауапкершілік артылады. Бюджет болмағандықтан, ол құрылғыны сатып алмайды. Сондықтан Жоғарғы Соттың нормативті қаулысы керек деп санаймын. Айыппұл салғанда субъектінің мүмкіндігі мен осы мәселе әсер ете алуын қарау керек деп ойлаймын, - деді мәжілісмен.
Сонымен бірге Аймағамбетов дәрігерлердің де бірқатар мәселесін мінберден жеткізді.
Бүгін дәрігерлерді өзіне тән емес жұмысқа тартқаны, шамадан тыс есеп талап еткен үшін жауапкершілікке полиция тартады. ДСМ-нің комитеті осы мәселені қарастырсын деген ұсыныс болған. Бұл мәселеге қалай қарайсыз? - деп сұрады депутат Асхат Аймағамбетов.
Сот әкімшілігінің өкілі депутаттың көтерген мәселесіне назар аударып, проблеманың өте өзекті екенін айтты.Оны алдағы уақытта пысықтайтынын жеткізді.
Ал Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха да бұл бастаманы қолдайтынын және оны жұмыс тобында жан-жақты талдауды ұсынды.