Ғалымжан Елшібай бауырым елуге толып жатыр екен. Жақсы іні, жақсы азамат, жақсы журналист.
Дейсің ғой. Көп адамға айтылар сөз болғанымен бұл ініммен екеумізді көп нәрсе байланыстырады. Айтайын.
Екімыңыншы жылдардың басында «Жас Алаш» газетінен «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып ауысатын болдым. Ол кезде Шымкентті жақсы атамайтын. Алматыдағы шымкенттік журналистерден сыр тартып көрсем, «ойбай, барма. Арқаның азаматы сен түгіл өзіміз симаймыз. Әңгімесі көп» дейді.
«Шешінген судан тайынбас». Мәселе шешіліп қойған.
Баратын болдым. Шымкентте сыйлас Болат Қырықбаев, Шадияр Қондыбаев секілді спортшы достарым бар. Журналистерден ағам «Жас Алаштың» осындағы меншікті тілшісі Қуандық Оразбеков.
Келдік. Алдымнан тоқсаныншы жылдардың соңында әкем қайтыс болғанда «Сенің әкеңнің аты Байдулла, менің атым Байдулла» деп көңіл айтып, жеделхат салған, Оңтүстіктегі теле-радио кешенінің бастығы Байдулла Қонысбек пен осы Ғалымжан Елшібай туысқанындай жылыұшырап қарсы алды.
Шымкент анау айтқандай, қара аспанды суға алдыратын жер емес, Асанқайғы аңсаған Жерұйықтың өзі екен. Бауырым деп бауырына тартты. Өз баласындай қабылдады. Елінің бірі туысқан. Ғалымжан Елшібай сапарда қасымнан қалмай, елге таныстырды. Жақсы тілеулесім болды.
Оңтүстікте осындай жайсаң азаматтары арқылы тастай батып, судай сіңдім.
Бүгінде жас журналист Ғалымжан Елшібай жоқ. Елдің қамын жеген азамат Ғалымжан Елшібай бар. Облыстық мәслихаттың депутаты. Үлкен мегақұрылымның басшысы. Інімді елу деген белесті бағындырумен құттықтай отырып, ел үшін осы азамат не істеді деген сауал төңірегінде бір сараптама жасап көрдік.
Әрине, әр топырақтың, әр ауыл-аймақтың өзіндік қасиеті, құдіреті болады. Ғалымжан Елшібай дүниеге келген Қасқасу - құт қонған, рухы күшті, сыры мол қасиетті жер.
Ұшар басынан қар кетпейтін ақбас Алатаудан бастау алып, етекке қарай арқырап жатқан Қасқасу өзенінің екі жағын жайлаған бұл ауыл тума таланттарға бай. Иә, алақандай ауыл есімдерін ел біліп, аттарын жұрт таныған әдебиет пен мәдениет және өнер өкілдерінің, сондай-ақ қылқалам шеберлері, атақты суретшілеріміздің де алтын ұясы. Алла тағалам сұлу табиғатты аямай берген осынау көк жасыл ауылда өнер адамы болмаудың өзі де мүмкін емес сияқты...
90-шы жылдардың соңы болуы керек, Төлеби ауданының түкпірінде жатқан осы ауылға сүйікті шәкіртін іздеп Темірбек Қожакеевтің өзі келген. Шәкірті деп отырғанымыз кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған, белгілі журналист, қаламгер Ғалымжан Елшібай. Атақты ұстаздың алыста жатқан Қасқасу ауылына арнайы ат басын бұрып кеп, қарашаңырақта қонып қайтуы, кейіннен Ғалекеңнің әке-шешесін Алматыға шақырып жақсылап қонақ етуі екеуінің арасында терең сыйластықтың барын білдіретіні анық. Сол жолы Темкең «Елшібаев, сен немене, тас дәуірде тұрасың ба әлі?» деп бір ғана сөйлеммен ауылдың ахуалын дәл бағалап еді. Жасыратыны жоқ, ол жылдары Қасқасуға барар жол ойдым-ойдым, әбден тозған. Көшені жағалай жатқан ірілі-ұсақты қойтастар, жөндеу көрмеген, шұрқ тесілген жолдар Қожакеевті қайран қалдырып, жалғыз ауыз астарлы да ащы мысқылымен Ғалымжан бауырыма үлкен ой салған.
Одан бері де қаншама жыл өтті. Қаншама су ақты, небір заман өтті, алапат өзгерістер орын алды. Иә, ол жылдары Қасқасудың оқушылары 4-сыныптан бастап көрші ауылға барып оқитын. Ауылдағы шағын мектеп 4-ақ сыныптық. Жоғарғы Қасқасу мен Орталық Қасқасудың арасы 7 шақырымдай жер. Қыс пен күздің, көктемнің аязды, жаңбырлы күндеріне қарамай қасқасулық балалар асфальты жоқ ойдым-ойдым жолмен жаяу барып кеп оқыды. Сол кезде-ақ «ауылымызда кем дегенде жоғары сыныпқа дейін оқитын орталау мектеп болса» деген арман Ғалымжан бауырдың көкейінен кетпейтін.
1993 жылы Ғалымжан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің сыртқы бөліміне оқуға түсіп, студент атанып, сол жылы аудандық "Төле би туы" газетіне корректор болып жұмысқа қабылданды. Осылайша 18 жасында редакция мен баспахананың арасында еңбек жолы басталды. Міне, сол алғашқы күндерде-ақ баяғы арманын, бала кезден көңіліне жатталып қалған тақырыбын ақ қағазға түсіріп, газетке «ауылда орталау мектеп ашылса» деген мақала жазды. Және құр мақала жазып қоя салмай жүз шақты түтіні бар Жоғары Қасқасу ауылын үйме-үй аралап жүріп, осы бастамаға қол жинады. Жасыратыны жоқ, біраз адамдар бұл бастамаға тосырқай қарады. Сенбеді. Сенбегенде «Қаршадай баланың қолынан не келер екен?» дегендей мұның тірлігіне кекесінмен қарады. Бірақ жас та болса Ғалымжан табандылық танытты. Тұрғындардың қолы қойылған ұсынысты аудандық әкімдікке, аудандық білім бөліміне өз қолымен апарып тапсырды. Кейін осы ұсыныс пен газетке шыққан мақала ауылда мектептің ашылуына себепкер болды. Шынын айту керек, жұрттың таңданысында шек болған жоқ. Жұрт жұмыс таппай, ала дорба арқалап, базар жағалап, елдің ертеңіне деген сенімі жоғала бастаған тұста шағын ғана ауылда мектептің ашылуы қасқасулықтар үшін жаңалықтың көкесі болды. Осы білім ордасы тұрғындардың жүрегінде үміт отын жағып, елдің жарқын болашағына деген сенімін еселей түскені анық.
Яғни, журналист Ғалымжан Елшібай өзінің табандылығы, қаламының қуатының арқасында дегеніне жетті. Кейін орталау мектеп үлкейіп, орта мектепке айналды. Одан кейін туған ауылы Қасқасуда асфальт жол төселді, көше жарықтандырылды. Мұнда да Ғалымжанның депутат ретінде қосқан үлесі зор. Қазір құдайға шүкір, ауылдың көрінісі керемет. Жарықтық Темкең – Темірбек Қожакеев тіріліп келіп бүгінгі Қасқасуды көрсе «Елшібаев, енді дұрыс болған екен» деп езуіне күлкі үйіріліп, шәкіртіне ризашылығын білдірер еді.
Ғалымжанның туған өлкеге сіңірген еңбегі зор. Депутат ретінде Төлеби ауданы тұрғындарының таза ауыз су ішуіне, ұялы байланыс операторларының елді мекендерде антенналар орнатуына атсалысты. Ғалымжан Елшібай өзі тәмамдаған Куйбышев атындағы орта мектептің атына Бексейіт Түлкиевтің есімі берілуі жайлы ұсынысты қолдап, бұл істі соңына дейін жеткізуге белсене атсалысқанын ауылдастары мақтанышпен айтады. Тағы бір атап айтарлық мәселе – ауылдағы мешітті салу. Ғибадат үйінің құрылысы біраз жыл бұрын басталғанымен, тұралап қалған болатын. Қасқасудан шыққан үлкен кәсіпкер жоқ болса да, үлкен жобаны қолға алып, мешіт құрылысына Ғалымжан Елшібай өзі де қомақты қаржы қосты,демеушілерді тартты. Ауыл тұрғындары көпшілік болып ортадан ақша жинап, мешіттің жетіспей жатқан тұстарын толықтырды.
18 жасында аудандық «Төлеби туы» газетіне жұмысқа тұрып, еңбек жолын бастаған Ғалымжан Елшібай бүгінде елімізге танымал журналист. «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» газеттерінде қаламы қайралды. Республикалық «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», әсіресе «Жас Алаш» газетінде ұзақ уақыт, 15 жыл жұмыс істеп жұрт іздеп оқитын өткір мақалалар жазды. Қазір қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, көшбасшы басылым «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүр. Әрине, ел Ғалымжанды журналист ретінде жақсы таниды. Біз бүгін оның азаматтығы, елге жасап жүрген жақсылығы, жанашырлығы, депутаттық белсенділігі, қайраткерлігі туралы көбірек айтуды жөн көрдік.
Ғалымжан Түркістан облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаты ретінде өзінің қызметтік міндетіне, елдің жүктеген аманатына зор жауапкершілікпен қарайтын азамат екендігін байқатты. Мәслихаттағы әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары ретінде облыстағы көп әлеуметтік мәселелерді қолға алды.
Түркістан облыстық мәслихатында мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын ең жиі қозғап, нақты мәселелердің шешілуіне бірден-бір атсалысып жүрген депутаттың бірі де -- Ғалымжан Елшібай. Әлеуметтік маңызы бар орындарда қарапайым пандустардың жоқтығы, мүгедектерге аса қажет инватакси көліктерінің тым аздығы секілді өзекті мәселелерге назар аударып, құзырлы органдардан осы түйткілдердің шешімін талап етті.Депутаттың тікелей араласуымен шешілген маңызды мәселелердің бірі - Сауран ауданы Ораңғай ауылында жаңадан ашылғалы жатқан мүгедектерді оңалту орталығының пайдалануға берілуі болды.
Ғалымжан – Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалын басқарған жылдары жергілікті ұйымның жұмысын жандандырып, белсенділігін, ауызбіршілігін, беделін арттырды. Әсіресе аға буынның еңбектері ескерусіз қалдырмады. Журналшылар арасында ұйымдастырылған жарыстарда Төрегелді Байтасов, Сәділ Кәдеев, Оразхан Жарқынбек, Ертай Бекқұл, Қалыбек Атжан, Талғат Орманов, Анар Аспан, Сабыржан Юсупалиев, Алмас Ақылбек сынды өмірден өткен әріптестерді дәріптеу мақсатында солардың атындағы номинациялар тапсырылды. Бұдан бөлек өткен жылы қасиетті оразада дастархан жайып, 200-ден аса адамға ауызашар берді. Сол ауызашарда марқұм болған 40 шақты жұрналшының аты аталып, арнайы Құранға қосылды.
32 жылдан бері журналистика саласында тер төгіп келе жатқан Ғалымжан Қамытбекұлы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Жаңашыл журналист» сияқты көптеген номинациялардың иегері. Ақпарат саласының үздігі. Республикалық бәйгеде бақ сынап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атанғанын ерекше айтқан жөн.
Ғалымжан Қамытбекұлы журналистика саласында белсенді еңбек ете жүріп өңір журналистерін ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырып, жұдырықтай жұмылдыра білді. Мәселен, Мақтаарал ауданы су тасқынынан зардап шеккен тұста Ғалымжан төрағалық ететін Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңір журналистері де қиналғандарға қол ұшын созып, қаржылай көмек көрсетуге атсалысты. БАҚ өкілдері мақталы өңірге аттанып, бірқатар ауылдың жай-күйімен жан-жақты танысты. Атакент қалашығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепке барып балаларды қашықтықтан оқытуға зәрулік туғызған заманауи плазмалы теледидар тарту етті. Өргебас ауылындағы баспанасы тасқын судан жермен жексен болған Мақтарал аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Дінмұхаммед Аязбековке қаржылай қолдауын ұсынды. Сондай-ақ «Еуразия бірінші арнасы» телеарнасының телеоператоры Батыр Оразбековтың пәтері өртенгенде де Ғалекеңнің өзі бірінші болып әріптеске қаржылық көмегін білдіріп, қысқа мерзім ішінде журналистер қауымы Батырға қомақты қаражат жинап берді.
Міне, адамдар арасындағы осындай мейірімділік, жанашырлық - өңір халқының бүгінгі өміріне де өлшеусіз қуат беруде, болашағына береке сыйлауда. Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған елдің ғана келешегі кемел, болашағы баянды болады. Ендеше арайлап атқан әр күннен нұр іздеп, туған өлкенің топырағынанан қуат алып өскен Ғалымжан Елшібайдың ұлттың жанашыры, жоқшысы екені әлдеқашан дәлелденген. Алаш жұртының алғысына кенеліп, ақ батасымен өсіп-өніп келе жатқан азаматты Алла тағаллам әрдайым қолдап жүрсін.
P.S. «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл бар. Қамқорлық туған ауылды түлетуден басталса керек. Бүгінде елу атты белесті бағындырып жатқан, өз ауылы ғана емес, байтақ Қазақстанның өркендеуіне үлесін қосып жатқан азамат жайлы білгенімізді айттық. Өркенің өссін, бауырым!
Бақтияр ТАЙЖАН, журналист